қазақша · русский · english
 
 
 
07.03.2017

Профессор Ф.Ш.Оразбаеваның Абай атындағы ҚазҰПУ білімгерлеріне арналған «Ғылыми-зерттеу жұмысының методологиясы» атты жаңа форматтағы шоғырлы дәріс-сұхбаттары өткізілді


2017 жылы 1-3 наурыз күндері аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы Фаузия Шәмсиқызы Оразбаеваның «Ғылыми-зерттеу жұмысының методологиясы» атты ғылыми-танымдық шоғырлы дәріс-сұхбаттары өтті. Алғашқы екі күндік шоғырлы дәрістерде жас ізденушілерге ғылыми-зерттеу жұмысын жазудың концептуалдық бағыттары, талаптары мен әдіс-тәсілдері талданып, ғылыми-танымдық дәріс, ғылыми-интеллектуалдық ойбөліс, ғылыми-ізденімдік ойталқы түрінде жүргізілді.
Дәріспен басталған шоғырлы іс-шараның соңы 6М011700- қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 2-курс магистранттары ұйымдастырған профессор Ф.Оразбаеваның ғұмырнамалық-шығармашылық әлеміне арналған «Ғұмыр - Ғибрат» тақырыбындағы мәдени-тағылымдық сыр-сұқбат кешіне ұласты. Кеш үш бөлімді қамтыды: «Өр Алтайдың баурайында бүр жарған....» атты бірінші бөлімде көрнекті ғалымның балалық шағы мен туған өлкесі жайында қызықты ақпараттар берілді. «Алатауда қанат жайды ақ арман....» атты екінші бөлімде ғалымның жоғары оқу орнында білім алған жастық кезеңі қамтылды. «Ғылым-Шыңның шынары» атты үшінші бөлімде ғалымның ғылым жолына байланысты тағылымдық мағлұматтар жинақталды. Кеш бойында қайраткер тұлғаның көп көзінен тасалау қалған өмір белестері бойынша қызықты деректерге құрылған тосын сұрақтар мен тосын сыйлар көпшіліктің зор қызығушылығын тудырды. Ғалымның ғұмырнамалық әлеміне қатысты интеллектуалдық пікірлесім мен сахналық қойылымдар жастарға ерекше әсер сыйлады.
Кешті ғалымның шәкірті, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Жанат Тұрарбекқызы Дәулетбекова жүргізді.




Кері оралу