қазақша · русский · english
 
 
 
27.04.2015

Әдіскер-ғалымға арналды

 

Елімізде өзінің бүкіл ғұмырын ғылымның дамуы мен өркендеуіне арнаған ірі тұлғалар аз болмаған. Сондай ірі тұлғалардың бірі, қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан, әлі де ғылым мен білімге қосары көп Жұмажанова Төкен Қонысбайқызы 70 жасқа толды. Осыған орай университетімізде Филология институтының ұйымдастыруымен педагогика ғылымдарының доктры, профессор, Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі, белгілі әдіскер ғалым-ұстаз Жұмажанова Төкен Қонысбайқызының 70 жасқа толуына арналған «Қазақ тілі мен әдебиетін жаңа технологиялармен меңгертудің оқу-әдістемелік негіздері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік және оқу-әдістемелік семинар-кеңес өткізілді. Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры, профессор М.Е.Ермағанбетов, Аппарат жетекшісі, профессор Б.Ө.Сманов, Республикалық физика-математика мектеп-интернатының директоры Сабырова Гүлшарбан, Қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының ф.ғ.д., профессор Оразбаева Фаузия Шамсиқызы және біртоп ғалым ұстаздар мен студен-жастар қатысты. Семинарды Филология институтының директоры, профессор Б. Әбдіғазиұлы жүргізіп отырды.
Алғаш сөз алған университеттің бірінші проректоры профессор М.Е.Ермағанбетов Жұмажанова Төкен Қонысбайқызын бүгінгі мерекесімен құттықтап, оның ғылыми-педагогикалық еңбек жолы туралы баяндама жасады. Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесіне өзіндік орыны бар, бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеу мен ғылымға арнаған Төкен апайымызды қазақтың қайсар қызы десем артық айтпағаным болар. Өзінің еңбек жолын мектептен бастаған Төкен апайымыз сол мектепте қалып қоймай, қазақ әдебиетіне, сөз өнеріне деген шексіз махаббатының арқасында, және сол жолда талмай еңбек етуінің арқасында міне, бүгін осындай биіктен көрініп отыр. Төкен Қонысбайқызы әдебиетті оқыту әдістемесі саласында көп еңбек етіп, 300-ден аса ғылыми еңбек жазды. Оның ішінде 4 монографиясы, 15 оқу-әдістемелік құралдары, сондай-ақ көптеген ғылым кандидаттары мен докторларын даярлады. Әлі де көптеген шәкірттерді тәрбиелеп, ғалымдар қатарына қосатынына сенеміз,--деді ол. Сөз соңында профессор М.Е.Ермағанбетов Төкен апайды «Айрықша еңбегі үшін»Абай алтын медальімен марапаттап, иығына қамзол жапты. Филолгия институты дайындаған Жұмажанова Төкен Қонысбайқызының өмірі мен шығармашылығы туралы бейнефильмі апайымыздың өміріне шолу жасаса, 4-курс студенті жас ақын Қазыбек Сағидолланың ұстазына арнаған өлеңі қонақтардың көңілін бір көтеріп тастады. Тамаша арнаудан кейін сөз алған Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Аппарат жетекшісі, профессор Б.Ө.Сманов Жұмажанова Төкен Қонысбайқызының мектепте қазақ әдебиеті пәнін оқытудың әдістемесі жөніндегі ғылыми еңбектеріне талдау жасады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Оразбаева Фаузия Шамсиқызы Төкен апайдың өмірінен тың деректер келтіріп, қызғылықты әңгімелер айтты.
Қазақ ұлттық ЮНЕСКО федерациясы клубының өкілі Ғ.Б.Бейсенбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Көптілді білім беру институтының директоры, профессор Т.Т.Аяпова, Республикалық физика-математика мектеп-интернатының директоры Сабырова Гүлшарбан, «Өрлеу» Республикалық білім жетілдіру институтының өкілі Қ.Жүнісбекова, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен М.Жұмахаева және басқалар Жұмажанова Төкен Қонысбайқызының ғылыми-педагогикалық қызметі туралы салиқалы сөздер айтты. Университеттің дарынды жастары да Жұмажанова Төкен Қонысбайқызына деген арнау өлеңдерімен өз үлестерін қосты. Мәжіліс соңында Филология институтының директоры, профессор Б. Әбдіғазиұлы Төкен апайды бүгінгі мерекесімен тағы да құттықтап, келген қонақтарға алғысын білдірді.

 

Құттыбаев Шоқан

 




Кері оралу