қазақша · русский · english
 
 
 
08.04.2024

Ғылым онкүндігі: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Биологиялық мұражайына танымдық саяхат

Ғылым онкүндігі аясында 2024 жылдың 4 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының география және экология кафедрасының оқытушылары Қалдыбаева Ж.Б. және Райымбекова И.Қ. жетекшілігімен 1,2,3 курс «6В05202-Экология» мамандығының студенттері құрамы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Биология және биотехнология» факультетінің биологиялық мұражайына «Биоалуандылық әлеміне саяхат: түрлер патшалығы» атты ғылыми экскурсияға барды. Экскурсия мақсаты - студенттерге жаһандану жағдайында тұрақты даму мақсаттырына қол жеткізуде биоалуантүрлілікті сақтау, тірі организмдердің эволюциялық дамуы, дүниежүзінің және Қазақстанның жануарлар және өсімдік дүниесімен, ерекше қорғалатын аумақтарымен таныстыру және танымдық білімдерін кеңейту.
 
Биологиялық мұражай 1936 жылы құрылып, 1984 жылы кеңейтіліп, жаңартылған. Мұражай 84 витринасы бар үлкен 3 секциялы залдан тұрады. Мұражай қоры териологиялық, орнитологиялық және энтомологиялық бөлімдерден тұрады. Мұражайдың Үлкен залында Қазақстан мен Орталық Азияның тоғай ормандарының патшасы Тұран жолбарысына (Panthera tigris vigrata Illiger, 1815) арналған экспозиция орнатылған. Бұл мақтаныш болып табылатын және университет үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен ғылыми маңызы бар жалғыз тұлып. Білім алушылар Жердегі тіршіліктің эволюциялық дамуымен, Қазақстанның табиғи аймақтарымен, олардың жануарлар әлемімен және ерекше қорғалатын аумақтардағы табиғат қорғау іс-шараларымен танысқан экскурсия олар үшін өте қызықты болды.

 

  alt=  

 




Кері оралу