«МИФИЧЕСКИЙ КОД» көрмесі өтті: линогравюра, литография және офорттағы қазақ мифологиясының жаңа оқылымы
28 қаңтар күні сағат 15:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультеті «Жасампаз» галереясында (Ш. Уәлиханов 64А) «МИФИЧЕСКИЙ КОД» атты линогравюра, литография және офорт көрмесін өткізді.
Аталған көрме AP25796905 ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылды: «Design Thinking тәсілін қолдану арқылы көркем білімдегі қазақ мифологиясы мен гравюрасын модификациялау». Көрме студенттік шығармашылық жұмысты тек нәтиже ретінде емес, ізденіс-талдау-композиция-баспа-рефлексия кезеңдері арқылы қалыптасқан оқытудағы жобалық тәжірибе ретінде ұсынды.
Экспозицияда:
• қазақ мифологиясындағы архетиптер мен символдар (таңба, қорғаныш мотивтері, уақыт/шеңбер, табиғат пен кеңістік кодтары) заманауи графика тілінде интерпретацияланды;
• линогравюраның айқын контрасты, литографияның жұмсақ пластикасы және офорттың фактуралық мүмкіндіктері арқылы әр автордың жеке көркем қолтаңбасы көрсетілді;
• көркем ойлауды жүйелеуге көмектесетін Design Thinking логикасы (идеяны нақтылау, визуалды прототип, сериямен ойлау, қайта өңдеу) оқу процесімен байланыстырылды.
Көрме аясында қонақтар студенттік жұмыстармен танысып, авторлармен пікір алмасып, графикалық баспа мәдениетінің білім беру кеңістігіндегі маңызын атап өтті. Бұл іс-шара Өнер факультетінің студиялық және практико-бағытталған оқыту бағытын нақты нәтижемен бекіткен маңызды мәдени-академиялық оқиға болды.
Ұйымдастырушылар:
Жоба ғылыми жетекшісі: философия докторы (PhD) Байгутов Карим Алимханұлы
Жоба ғылыми кеңесшісі: п.ғ.к., профессор м.а. Шайғозова Жанерке Наурызбаевна
Гравюра шеберханасының оқытушылары: Ордабеков Темирхан, Найманов Бауыржан Тоқтарович, Қапленов Магауия Ғабдул-Муталипович
Өнер факультеті көрмеге қатысқан студенттерге, қолдау білдірген әріптестер мен қонақтарға алғыс білдіреді. Алдағы уақытта үздік жұмыстарды каталогтау және кең аудиторияға ұсыну жоспарлануда.














