қазақша · русский · english
 
 
 
26.01.2026

Абай атындағы ҚазҰПУ Өнер факультетінде rockartcentralasia.com сайтының таныстырылымы өтті


26 қаңтар күні сағат 16:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер факультетінде (Уәлиханов көш., 64А, бас корпус, 7-аудитория) rockartcentralasia.com сайтының таныстырылымы өтті. Бұл - Орталық Азияның жартас (тас) бетіндегі өнеріне арналған өңірлік онлайн-платформа.


Іс-шара Aigine мәдени-зерттеу орталығының (Бішкек) қатысуымен ұйымдастырылды. Аталған орталық - ЮНЕСКО аккредитациясынан өткен үкіметтік емес ұйым. Таныстырылым барысында қатысушыларға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан аумағындағы 91 петроглиф кешені туралы материалдарды біріктіретін платформаның мүмкіндіктері ұсынылды. Жобаның мәдени контексіне ерекше назар аударылып, ежелгі жартас өнерінің ата-бабаларымыздың дүниетанымы, ұжымдық жады және дәстүрлерімен байланысы, сондай-ақ петроглифтерден шабыт алған заманауи көркем тәжірибелердің бағыттары талқыланды.


Кездесуге профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар қатысып, таныстырылым ежелгі визуалды образдарды интерпретациялау тәсілдерін және оларды қазіргі гуманитарлық әрі көркем дискурста өзектендіру мәселелерін талқылауға арналған тәжірибелік алаңға айналды.


Aigine орталығының зерттеушілер тобы: Сейдахматова Шынар, Айткеева Меерим, Абдырахнова Айза.
Өнер факультеті іс-шараны ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстары үшін алғыс білдіреді:
- Көркем білім беру кафедрасының профессоры, п.ғ.к. Шайғозова Жанерке Наурызбаевнаға;
- «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының профессоры Какимова Лаура Шариповнаға.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу