Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
12.05.2022 Орталық Азиядағы білімді трансформациялау
Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдерімен әріптестігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Абай университетінде «Орталық Азиядағы білім беруді трансформациялау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Дүниежүзілік банктің Алматыдағы өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелге еліміздің және әлем елдерінен білім саласындағы халықаралық және аймақтық сарапшылар, сонымен қатар Абай университетінің Honors College жобасының 100 студенті қатысты.
Іс-шараны Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы адами капиталды дамыту бағдарламаларының жетекшісі Сусанна Айрапетян жүргізді. Ал жиынды университет ректоры Дархан Біләлов ашып, Орталық Азиядағы білім беруді трансформациялаудың маңызын және еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру жүйесін қалпына келтіру барысы туралы айтып өтті. Ректор сонымен бірге білім беру инновацияларын енгізу тәжірибесін, сондай-ақ әлемнің барлық жоғары оқу орындары тап болып отырған саладағы сын-қатерлерге тоқталды. Бүгінгі таңда ынтымақтастық, қажетті ақпаратпен алмасу, ұлттық және шетелдік ұйымдар тарапынан бір-біріне қолдау көрсету және ынтымақтастық қажет екенін де атап өтті.
Дүниежүзілік банктің білім беру саласындағы жаһандық тәжірибе бөлімінің басшысы Гарри Патринос «Орталық Азиядағы білім беру саласындағы өзгерістер: жаһандық перспективалар» баяндамасында осы тақырыптағы зерттеу, пандемияның аймақ пен әлем елдерінің экономикасы мен біліміне әсері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Дөңгелек үстелге қатысушылар пандемиядан кейінгі білім беру жүйесін қалпына келтірудің халықаралық тәжірибесі және осы үдеріске көмектесетін білім берудегі инновациялар, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда кездесетін салалық мәселелерді шешу жолдарын талқылады. Әлеуметтік-экономикалық қалпына келтіру кезеңіндегі білім беру жүйесін трансформациялау мүмкіндіктері туралы баяндамалар жасап, тәжірибе алмасты.
11.05.2022 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |