қазақша · русский · english
 
 
 
27.04.2020

«Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» вебинары

 

   


2020 жылдың 23 сәуірінде ZOOM платформасында «Жастар және ғылым: бүгіні мен болашағы» ғылыми вебинар өткізілді. Вебинар Педагогика және психология институты, мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасы мен Тарих және құқық институты, құқықтану кафедрасының ұйымдастыруымен өтті.


Вебинар мақсаты - мемлекет пен қоғам дамуына белсенді қызмет ететін, жаңаша тұрғыда ойлай алатын жас ғалымдарды біріктіру, олардың диалог алаңын құру.


Вебинарға ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева, Ғылым департаментінің директоры Саябек Сахиев, Тарих және құқық институтының директоры Болат Жұмағұлов, Педагогика және психология институты директорының ғылыми істері және халықаралық қатынастары жөніндегі орынбасары Бағдат Мажинов, кафедра меңгерушілері: Ұлбосын Қыяқбаева, Ермек Бурибаев, екі институттың профессор-оқытушылар құрамы мен магистранттар және докторанттар қатысты.


Ғылыми вебинар жұмысы Ақтолқын Құлсариеваның құттықтау сөзімен ашылды. Вебинар барысында Саябек Сахиев, Болат Жұмағұлов, Бағдат Мажинов, Ұлбосын Қыяқбаева, Ермек Бурибаевтар жас ғалымдарға сәттіліктер тілеп, осындай іс-шаралардың жалғасын табуына тілек білдірді.

 

Вебинар модераторлары заң ғылымдарының қауымдастырылған профессоры Несібелі Қалқаева мен PhD, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Әсем Булшекбаевалар болды.


Вебинарда спикерлер келесідей өте қызықты, әрі өзекті мәселелерді ортаға салды: Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева - «Жастар қоғамдағы білім мен ғылымның қозғаушы күші», «8М012-Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы» мамандығының 1-курс докторанты Жанат Мамытбаева «Ұлттық рухани құндылықтарды дамытудағы жастардың рөлі», «6D010100-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 2-курс докторанты Гульмира Мышбаева «Болашақ педагогтердің кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда Lesson Study әдісінің негізгі бағыттары», «6М030100 - Құқықтану» мамандығының 2-курс магистранты Гүлназ Жомартқызы «Жастар арасындағы есірткіге тәуелділікті құқықтық реттеу», «6М030100 - Құқықтану» мамандығының 2-курс магистранты Құралай Тұрлыханқызы «Жастар арасындағы құқық бұзушылық, әлеуметтік жұмыстағы көкейкесті мәселелер», «6D010100-Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 2-курс докторанты Алтынай Жакупова «Жастардың ғылыми ізденісіндегі жаңашылдық», «8М012-Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы» мамандығының 1-курс докторанты Салтанат Нұрбек «Мәңглік ел» ұлттық идеясын мектепке дейінгі тәрбие үдерісінде қолданудың маңызы», «7М012-Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы» мамандығының 1-курс магистранты Дана Дәуірбаева «Көп тілді білім берудің болашағы».

 

Жастардың ғылыми әлеуетін арттыру қазақстандық жоғары оқу орындарының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Осы тұрғыда Абай атындағы ҚазҰПУ сапалы біліммен қатар іргелі ғылымның дамуына үлкен үлес қосып келеді.

 

Вебинар барысында жас ғалымдар ғылымдағы жаңа ізденістер мен жаңалықтар туралы пікір алмасты. Вебинарды мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі Ұлбосын Қияқбаева қорытындылады.

 

   

 

   




Кері оралу