| |
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасы | |
22.05.2026
Болашақ әскери психологтарға арналған дәріс және психологиялық тренинг өтті!
2026 жылғы 15 мамырда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының оқытушылары болашақ әскери психологтарға арналған дәріс және психологиялық тренинг өткізді. Іс-шара ҚР ҰҚК Шекара қызметінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының әскери қызметшілерін әскери психолог лауазымдарына қайта даярлау курсы аясында ұйымдастырылды. Екі тақырып бойынша дәріс өткізілді: «Әскери қызметшінің тұлғасының психологиялық ерекшеліктері мен олардың қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетте есепке алынуы» және «Әскери қызметшінің тұлғасы: психикалық қасиеттері және оларды қалыптастыру». Дәріс пен тренингті Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология факультеті Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы, психология магистрі Ж.А. Қайырова және оқытушы, психология магистрі М.А. Джармухамбетов жүргізді. Іс-шараға 18 тыңдаушы қатысты. Дәріс барысында әскери қызметшінің тұлғалық-психологиялық ерекшеліктері, жауынгерлік жағдайдың адам психикасына әсері, әскери ортадағы мінез, темперамент, қабілет және мотивациялық бағыттылық мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ болашақ әскери психологтардың психодиагностика, бақылау, психологиялық қолдау көрсету және қызметтік-жауынгерлік іс-әрекет жағдайында тиімді шешім қабылдау дағдыларына ерекше назар аударылды. Тренингтің практикалық бөлімінде қатысушылар «Әскери портрет», «Темперамент ұрыс жағдайында», «Мінездің беріктігі», «Сержант Мауленов кейсі», «Мен - әскери психолог» сияқты жаттығулар арқылы әскери қызметшінің психологиялық күйін талдау, стресс жағдайында қолдау көрсету, топтық жұмыс жүргізу және кәсіби коммуникация дағдыларын пысықтады. Практикалық тапсырмалар тыңдаушылардың эмпатиялық, рефлексивтік және кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталды. Әсіресе күйзеліс, кәсіби деформация, бейімделу қиындығы, агрессия, мотивацияның төмендеуі және жарақаттан кейінгі реакциялар жағдайында әскери психологтың әрекет алгоритмдерін талқылауға басымдық берілді. Іс-шара соңында қатысушылар әскери психологтың басты міндеті - форма киген адамның ішкі әлемін түсіну, оның психологиялық саулығын сақтауға және жауынгерлік қабілетін нығайтуға кәсіби қолдау көрсету екенін атап өтті. Абай атындағы ҚазҰПУ мамандарының қатысуымен өткен мұндай сабақтар болашақ әскери психологтардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, олардың кәсіби даярлығын арттыруға маңызды үлес қосады.
Кері оралу
|
|
|