ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ
2026 жылғы 6 ақпанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика және психология факультетінде «Қосымша білім беру жүйесінде педагог-ассистенттердің аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға кешенді қолдау көрсетуі» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара «Аутистік спектр бұзылыстары бар білім алушыларды кешенді үздіксіз сүйемелдеудің ұлттық жүйесі» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстелге арнайы педагогика кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, докторанттар мен магистранттар, Алматы, Астана қалалары мен республика өңірлеріндегі қосымша білім беру ұйымдарының директор орынбасарлары, әдіскерлер, педагог-психологтар, арнайы педагогтер, логопедтер, педагог-ассистенттер (тьюторлар) және ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты - қосымша білім беру жүйесінде аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді ұйымдастырудың теориялық және практикалық аспектілерін талқылау, педагог-ассистенттердің тиімді тәжірибелерімен алмасу.
Дөңгелек үстелдің ашылуында Гүлмира Ниетбаева - PhD доктор, педагогика және психология факультеті деканының міндетін атқарушы және Ақбота Аутаева - психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі кіріспе сөз сөйлеп, тақырыптың өзектілігін атап өтті.
Іс-шара барысында қосымша білім беру жағдайында аутизм спектрі бұзылыстары (АСБ) бар балаларды кешенді сүйемелдеудің заманауи тәсілдері, педагог-ассистенттің кәсіби рөлі, қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері мен практикалық тәжірибелері жан-жақты талқыланды.
Негізгі баяндамалармен университет ғалымдары - пс. ғ.д., профессор Ақмарал Сатова, п.ғ.д., профессор Надежда Жиенбаева, п.ғ.к., доцент Галия Абаева, п.ғ.к., доцент Ақмарал Рсалдинова, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының тәжірибелі практик-мамандары - Тұрсынгүл Сулейменова, Камила Толендиева, Айдана Хайруллина, Жанар Мурзалиева, т.б. сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел жұмысына педагог-ассистенттер мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері де белсенді қатысып, өз тәжірибелерімен және пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара кәсіби тәжірибе алмасуға, пәнаралық диалог орнатуға және аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға кешенді қолдау көрсетудегі педагог-ассистент қызметін дамытудың болашақ бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
