қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
02.05.2017

 

«Әлемдік тарих ғылымының дамуы:

тарих тағылымдары мен  альтернативалар»

 атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы

 

«Қияметке дейін қазақ қазақ болып жасамақ»

Әлихан Бөкейхан

         2017 жылдың 28 сәуірінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Тарих және құқық институтының «Әлем тарихы» кафедрасының ұйымдастыруымен «Әлемдік тарих ғылымының дамуы: тарих тағылымдары мен альтернативалар» атты тақырыпта келелі халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Айтулы іс-шараның мақсаты, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында, тәуелсіздік жылдарынан бері егемен еліміздің тарих сахнасындағы жетістіктері мен уақыттың талап-сұраныстары мен алғы-шарттарын анықтау, тарихи сананы оятып тәрбиелеудегі ғылымның алатын рөлін, міндетін айқындау, оның қоғамдық салада және оқу процестеріндегі қолданысын көрсету. Аталған конференцияның бағдарламасында ЖОО-ның басшылығы, ғылым ордаларының ғалымдары, алыс және жақын шетел зерттеушілері, отандық білім мекемелерінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттік-жас ғалымдар қауымы арнайы зерттеу баяндамаларын талқылауға ұсынды.

      Конференцияның шымылдығын Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ғылыми ісі жөніндегі проректор Косов В.Н. ашты. Өз кезегінде, университет басшылығы аталған конференцияның  отандық ғылым мен білім саласындағы маңыздылығына ерекше тоқталып, еліміздің стратегиялық даму үдерісінде ғылыми ізденістері мен жаңа ашулардың жетістіктеріне жетелейтін қозғаушы іс-шара ретінде жоғары бағалады.

      Конференция жұмысының тәртібі бойынша, «Қазақстанның көпғасырлық тарихын ғылыми тұрғыдан қорытудың нәтижелері» соның ішінде «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы.Кеңестік кезең (1905-1932 жж.)» жөнінде көрнекі-мазмұнды баяндамасымен ҚазҰПУ-нің Академик Т.С.Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан тарихшылар қауымдастығының төрағасы, т.ғ.д, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі М.Қ.Қойгелдиев сөз алды. Мәмбет Құлжабайұлы, қазақ жерінде ерте замандардан бергі уақытта орын алған мемлекеттік құрылымдарды кезеңдік сабақтастықтармен жүргізіп, бүгінгі Қазақстан Республикасын ұлттық мемлекеттіліктің заңды жалғасы ретінде жаңғыруын шеберлікпен ашып көрсетті. Ал, ҚазҰАУ-ң «Қазақстан  тарихы және  қоғамдық пәндер» кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.д, профессор С.М.Борбасов, «Қазақстанның жаңа  ұлт саясаты: мәселелері және бағыттары» атты мақаласында - «Қазақстан қоғамының экономикалық-әлеуметтік жаңаруына қазақ ұлтының сапалық белгілерінің жақсаруын өз әсерін тигізеді. Ол белгілер қазақ тілінің толыққанды түрде өзінің функцияларын орындауына, қазақ ұлты өкілдерінің біртұтас діни, мәдени және рухани топтасып, ұюына, қазақ жастарының сапалы білімі, ғылыми және кәсіптік дайындыққа ие болуына, халықтың ортақ тарихи санасы фундаментінде қалыптасатын ортақ ұлттық патриотизм санасының қалыптасуына қатысты мәселелердің дұрыс шешілуіне тәуелді», деп түйіндеді. Шет елдік қонақ, Түркияның Ahi Evran Üniversitesi-ң ғалымы Osman Кabadavi - «Kazak türkçesinin tarihi kipçak türkçesi ve eserleri» атты баяндамасын көпшілікке ұсынды. Онда қыпшақ түрікшесі және шығармалары, оның тарихи Қыпшақ жазу тілі ішінде кездесетін Мамлюк-қыпшақ тілінің ескі қыпшақ әдеби тілі екендігін көрсетіп, аталған тілдің  соңғы кезде батыс түрік тіліне ауғандығына баса назар аударып өтті. Әсіресе, Кодекс Куманикус, Грегорян қыпшақ түрікшесі, Мамлюк қыпшақ түрікшелерінің ара-жігін айқындап кетті.

       Жалпы конференцияда Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор С.Ө.Смағұлова - «ХХ ғ. 20-30 жж. Қазақстанның саяси-әлеуметтік жағдайы шетелдік ғалымдардың зерттеулерінде» өз зерттеулерін ұсынса, әл - Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Т.Ә.Төлебаев - «Дәстүрлі методологиялық бағыттар және прототүріктердің лингивистикалық географиясы мен ареалды лингивистикасы мәселелерін» талқылады. Пленарлық отырыстың жарыссөзінде, Нұр-отан партиясының Алматы қалалық филиалының Саяси бөлімінің жетекшісі Д.Әлиев, қоғам қайраткері Кенесары Қаптағаев, «Болашақ-жасар» газетінің бас редакторының орынбасары Талғат Жанысбай өз пікірлерін ортаға салып, конференция жұмысына сәттіліктер тіледі. Конференцияның негізгі пленарлық мәжілістері түскіастан кейін төрт бағыттағы Секциялар мәжілістеріне ұласты. Атап кетсек, Әлем тарихының өзекті мәселелері: тарихы және қазіргі кезеңдегі дамуы, Ғаламдану контексінде Қазақстан: әлеуметтік-саяси, экономикалық, көзқарастық және мәдени аспектілері, Жоғарғы және орта мектептегі тарихты оқытудың технологиясы және инновациялық тәсілдері, Қазақстан Республикасының құқықтық ретроспективасы және даму бағыттары деген салалық жүйелерге бөлінген. Әрбір секцияда пленарлық талқыға енбеген мақалалар кеңінен қарастырылып, қызу-тартыстармен ерекшеленді.

       Аталған конференцияның өту барысында арнайы 125 астам ғылыми материалдар жинағы жинақталды. Бұл жинақтың мазмұндылығы күтілген нәтижеден де ауқымды, әрі тиісті жоғары бағасын алатындай ғылыми жинақтардың санатына енді.  Халықаралық деңгейде өткен ғылыми отырыстың негізгі белсенділеріне ғалымдармен қатар, арасында студенттік-магистрант жастардың да басымдылығы көрінді. Түрлі жаңаша ой-пікірлерін ортаға салған баяндамалары конференция барысымен, ғылыми жинақтың бөлімдерінен де өз орнымен көріне білді. Десе де, биылғы 2017 жылдың сәуірінде өткен ғылыми-практикалық конференцияның ауқымды аудиторияны қамтыған өте жоғары ғылыми деңгейді өтілуі, университет қабырғасындағы «Әлем тарихы» кафедрасының аталған іс-шараның ойдағыдай жауапкершілікпен ұйымдастырғанымен ерекшеленді. Себебі, жиыннан қайтқан қатысушылардың ыстық лебізі осыған саяды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлем тарихы кафедрасының

меңгерушісі, т.ғ.д., профессор  М.К.Тулекова