қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
27.03.2012

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Орынхановпен болған кездесу Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған білім беру мәселесіне арналды. Жолдауды түсіндіру мақсатында ҚР Дін істері жөніндегі Агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф бастаған республикалық ақпараттық-насихаттық топ құрылған болатын. Осы топтың мүшесі ҚР Білім және ғылым вице-министрі Жолдауға байланысты министрлік тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Бүгінде халықаралық стандарттар негізінде Назарбаев Университеті мен Зияткерлік мектептер табысты жұмыс істеуде. Кәсіптік-техникалық білім берудің озық мекемелерінің желісі дамып келеді. Олардың тәжірибесін бүкіл қазақстандық білім беру жүйесіне таратып6 барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне тарту қажет» - деп атап көрсеткен болатын. Осы жуырда ғана Мемлекет басшысы елордадағы Назарбаев Университетінде болып, студенттермен, оқытушылық-профессорлар құрамымен, ғалымдармен, оқу ордасының қызметкерлерімен кездесуінде бұл мәселені кеңірек қозғады. Министрлік тарапынан қолға алынып жатқан нақты іс-шаралардың негізгі түйіні - педагогтардың мәртебесін көтеруге, олардың болашақ мұғалімдерді даярлауға деген жауапкершілігін арттыруға келіп тіреледі. Әсіресе ауыл мектептері үшін мамандар тәрбиелеу аса жауапты міндет. Олардың өндірістік практикадан өтуін сол ертеңгі күні өздері барып жұмыс істейтін мектептерде өткізуді басты нысанаға алып отырмыз, - деді Мұрат Қадесұлы өз сөзінде.

Ол сондай-ақ биылғы жоғары оқу орындарына қабылдау талаптарына да тоқталды. ҰБТ тапсыру мәселесі қайта қаралуы мүмкін дегенді де айтып қалды.

Кездесу соңында вице-министр студенттерді мазалап жүрген бірқатар сұрақтарға жауап қайтарды.