қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.05.2012

Ашық студенттік футбол лигасы (ОСФЛ) Ресей футбол одағының  бастамасымен  2011 жылғы 20 қарашада  ұйымдастырылған болатын. Оның алдына қойылған басты міндет - ТМД, Шығыс Еуропа мен Балтық  жағалауы елдерінің  студент жастары  арасында  футболдан Халықаралық  чемпионатын  өткізу болатын. Бір сөзбен, студенттік футболдың  дамуына  мүмкіндік тудыру. Осынау жас құрылымның алғашқы мәжілісінде  құрамына  алты елдің өкілдері кіретін атқарушы комитет сайланып, оған Абай атындағы  Қазақ ұлттық  педагогикалық  университетінің  профессоры  К.Адамбеков  бюро мүшелігіне  сайланған еді.

Жуырда осы ұйымның бастамасымен және ұйымдастыруымен Украинаның астанасы  Киев қаласында  Чернобыль  Батырларын еске алуға  арналған Халықаралық чемпионат болып өтті. Оған Қазақстан  Республикасының атынан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінің студенттік командасы  қатысты.

Бұл турнирдің ережесіне сәйкес  командалардың  сонда тұруы  мен тамағын жарысты ұйымдастырушы - Бүкілукраиндық студенттік  футбол лигасы  өз мойнына  алғанымен, бару-келу  жолының шығынына   университет ректоры, профессор Серік Пірәлиев пен Каспий банктің басшылығы  демеушілік көрсеткенін  де  айта кеткеніміз  орынды болар.

Университеттің құрама командасында ойнайтын белді ойыншылар  К.Утробин, Қуаныш Әбдуәлиев Қазақстанның бірінші лигасының  командаларында ойнап жүргендіктен, оларды бұл сапарға қосудың еш  мүмкіндігі болмады. Сондықтан бар ойыншылардың өзімен-ақ алдағы Халықаралық  жарысқа дайындықты қысқа мерзім ішінде өткізуге тура келді. Не бары екі мәрте дайындық жаттығуы  және  «Каспий банк» командасына  қарсы  бір рет ойын ұйымдастырылған.

Сонымен ендігі әңгімемізді Украинада өткен чемпионаттағы ойын барысына  қарай бұрайық. Киев  қаласының аумағына  кіретін  аудан орталығы  Бородино қаласында өткен Халықаралық чемпионатқа  Ресейдің атынан Тула мемлекеттік университетінің, Молдован-Молдово техникалық университетінің, Украинаның және  Қазақстанның студенттік  командалары  қатысып,  өзара  күш сынасты.

Алғашқы болып алаңға шыққан Молдово мен Тулалық студенттер арасындағы жекпе-жекте ресейлік студенттер 3:0 есебімен жеңіске жетсе, біздің университет студенттері  украиндықтармен арадағы болған  ойында  екі жағы да  есеп аша алмай, ойынды 0:0 қылып тең аяқтады.

Ойынның екінші  күні  молдоволық құрдастарымен жасанды  алаңға шыққан  студенттеріміз 26/28 градустық ыстық күнде ойнауға мәжбүр болды. Ойынның 12 минутында соғылған голдың екпіні футболшыларымызды  біраз желпіндіргендей болған. Осының әсері болар,  екінші  таймның бітуіне  10 минут уақыт  қалғанда  біздің жігіттер  ойын тәртібін бұзды.  Ойын тәртібіне сай  тәртіп бұзған ойыншы  алаңнан қуылып, біздің команда  бір ойыншыға  кеміп  қалған. Бірақ намыстарын қамшылаған жігіттер қорғаныста  тас түйін  ойнап,  есепті сақтап қала білді. Ойын тағдыры: біздің пайдамызға  шешілді. Команда қақпашысы Дидар Жаменкеевтің  шеберлігі  қиын сәттерде  жарқырап  көріне білді.

Алда  өте жауапты  кездесу  күтіп тұрған еді.  Ресейліктермен  болатын жекпе-жекке ойыншыларды алаңда орналастырудың жаңа үлгісін  пайдаланды команда басшылары. Ең бастысы, жеңіске деген жігермен шыққан алаңға.

Тула мемлекеттік университетінің командасы негізінен Ресей чемпионатының бірінші дивизионындағы «Арсенал» футбол клубында  ойнайтын  ойыншылардан құралған екен. Ойын бірден алма-кезек шабуылдаудан  басталған. Ойын барысында  екі команданың да  гол соғуға  мүмкіндіктері  болды.  Осындай  сәттердің бірінде Эльдар Янчиевтің  доғалатып әдемі  соққан  добы  қарсыластардың  қақпасының  торында  тулап жатты. Есеп 1:0 біздің студенттер алға шықты. Осы гол ресейлік  жігіттердің намысын қамшымен осып-осып  жібергендей болды. Олар есепті  теңестіруге  барын салды. Ойынның бірінші кезеңі  осылайша  аяқталды.

Үзілістен кейін біздің студенттер өте сергек шықты алаңға. Ойын басталысымен-ақ шабуылға шыққан Талғат Хизимов та,  Роман Зырянов та, есепті өсіруге мүмкіндіктері бола тұрып,  қолайлы  сәттерді ұтымды  пайдалана алмады. Олардың жіберген қателіктерінен  сабақ алды ма,  Қайрат Бектұрғанов алаңның ортасынан екі ойыншыны алдап өтіп, 20 метр қашықтықтан допты қақпаның жоғарғы бұрышына бағыттап қақырата  соқсын-ай. Гол! Есеп 2:0 біздің пайдамызда. Ойын аяғына 10 минуттай  уақыт қалған еді. Осы кезеңде  Роман Зырянов қақпашымен бірге-бір шығып, гол соға алмады. Өкінішті-ақ. Бәріміздің де ойымызда  бұл соңғы, шешуші соғылған гол болар  деген сенім тұрған. Бірақ ол қақпаны емес,  қақпашыны  нысанаға алған екен. Ресейліктер жеңілгендерін ашық мойындағандай болды. Сөйтіп,  біздің университеттің студенттері  Чернобыль Батырларын  еске алуға арналған турнирдің кубогын иеленіп қайтты. Абай атындағы  Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Пірәлиевтің командаға жеңіспен оралуға бата-тілек  айтқаны  оларға  үлкен рухани  демеу болғаны даусыз.

Турнирдің  үздік қақпашысы  деп танылған 3 курстың студенті  Дидар Жаменкеевке  арнайы жүлде берілді.

Университет доценті  Ерлан Адамбеков  үздік жаттықтырушы деп танылды.

Сонымен Чернобыль Батырларын еске алуға өткізілген турнирдің  чемпионы болған  университет командасы  Шығыс Еуропа мен  ТМД елдері студенттері арасындағы футболдан Халықаралық Ашық чемпионаттың толық құқылы мүшесі болды. Алда  бұл команданы дәл осындай  бірнеше  Халықаралық  турнирлер күтіп тұр.

Ең басты да жауаптысы - Қазан қаласында өтетін Бүкіләлемдік  Универсиада  - 2013 ойындарына қатысу.