Кафедраның профессор-оқытушылар құрамының ғылыми зерттеу жұмыстары қазіргі ғылымның нағыз өзекті бағыттары бойынша жүргізіледі: Қазақстанның археологиясы мен этнологиясы, Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттер, Көне түркі кезеңі тарихы, түркі мемлекеттері, Қыпшақ хандығы тарихы, Ұлы Моңғол империясы мен Алтын Орда тарихы, қазақ мемлекеттілігі тарихы, Қазақ хандығы тарихы және т.б.
Кафедраның профессор-оқытушылары тұрақты түрде өздерінің кәсіби біліктіліктерін дамыту үшін алыс және жақын шетелдік мамандардың ғылыми-әдістемелік семинар-тренингтеріне қатысып, білім беру жүйесіндегі инновациялық технологияларды сабақ беру барысында қолданып отырады.
«Ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан тарихы» кафедрасы ұжымы ежелгі және ортағасырдағы Қазақстан тарихы мен мәдениетінің өзекті мәселелерін зерттеу жүргізіп отандық ғылым саласының дамуына үлес қосуда. Кафедра ашылғанына 1 жылдан енді асса да, оның оқытушылары Scopus және Web of Science базаларына кіретін жоғары рейтингті ғылыми журналдарда 3, ҚР ҒЖБСБК ұсынған журналдарда 9 мақала жариялады. Оқытушылар бірнеше гранттық және бағдарламалы-нысандық қаржыландыру жобаларында жетекші немесе орындаушы ретінде қатысуда.
Кафедраның Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесе жұмыс атқаруының бір көрінісі 2024 ж. 24-26 сәуірінде ұйымдастырылған «АҚЫНЖАНОВ ОҚУЛАРЫ - 2024» студенттер мен жас ғалымдардың Халықаралық ғылыми конференциясы болды. Еліміздің барлық өлкесінен жиналған жас ғалымдар отандық археология ғылымының өзекті мәселелерін талқылады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған конференция жас ғалымдардың көңілінен шықты.
Сонымен қатар 2024 жылдың 2-15 маусым аралығында Тарих және құқық факультетінің 1-курсты тамамдаған студенттердің археологиялық практикасы өтті. Кафедра оқытушылары мен студенттерден тұратын 2 отряд Алматы облысындағы 2 археологиялық нысанда Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарымен бірге жұмыс істеп, жақсы археологиялық тәжірибе жинады.
|