қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.09.2017

 

"GEKAVOС" ЖОБАСЫ ІСКЕ КІРІСТІ

         Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де шетелдік белді университеттермен, ғылыми орталықтармен бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік туып отыр. Қазіргі таңда әлемнің 150 университетімен әріптестік байланыста жұмыс істеп келе жатқан ҚазҰПУ тамыз айында ғана Қазақстан-неміс GekavoС бірлескен жобасын қолға алды. Бұл жобаның басты мақсаты біздің елімізде Қазақстан-неміс кәсіптік білім беру және оқу орталығын ашып, қолданыстағы оқу бағдарламаларын қайта қарап, дамыту және оқу жоспарларын жетілдіру, техникалық кәсіптік мамандықтар бойынша оқытушылар даярлау болып табылады. Сондай-ақ бұл өзі жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар  арасындағы байланысты нығайтып, оларға жұмысшы мамандықтарын даярлауға көмектесуге бағытталған жоба. Ол  бойынша, негізінен, кәсіпорындарға жаңартылатын энергия, логистика салалары бойынша кадрлар әзірленеді деп күтілуде.

         Жуырда ғана Германияның Экономика, ғылым және Саксония-Ангальт жерін пайдалану жөніндегі министрі, доктор Армин  Виллингманн басқарған құрамда 29 адамы бар делегациясы GekavoС жобасы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне келді. Университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев неміс делегациясын «Сорбонна-Қазақстан» институтында жылы шыраймен қарсы алды. Қонақтарға арнап қазақ музыкасының жауһарларынан шашу шашылды.

         Кездесуді ашқан ректор Т.О.Балықбаев қонақтарға келесі жылы 90 жылдық мерейтойы атап өтілгелі отырған Қазақстандағы тұңғыш оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихына тоқталып, қазіргі жетістіктері туралы баяндады.

         -Біз Германияның Фрайбург, Лейпциг, Магдебург университеттерімен бірнеше жылдан бері тұрақты байланыс жасап, бірлескен әріптестік қызметтер атқарып келеміз,- деді ректор Т.Балықбаев. - Олармен студенттер, магистранттар, докторанттар, профессор-оқытушылар алмасу арқылы білім сапасын арттыруға, тәжірибе алмасуға және Еуропалық білім мен инновацияларды игеруге қол жеткізіп отырмыз. Ал енді мына жаңа қолға алынған GekavoС бірлескен жобасы осы әріптестігімізді одан әрі тереңдетіп, көкжиегімізді кеңейте түседі деген сенімдеміз. Аталған жобаға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен бірге Шәкәрім атындағы Семей, Е.Букетов атындағы Қарағанды, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеттері де қатысады. Ал жобаның орталық офисі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде орналасады. Жобаға қатысатын барлық жоғары оқу орындары осы офис арқылы байланыс жасайды. Олай болса GekavoС жобасының жұмысына сәттілік тілеймін.

         Германияның Экономика, ғылым және Саксония-Ангальт жерін пайдалану жөніндегі министрі, доктор Армин  Виллингманн жылы шырайлы қабылдауы үшін Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаевқа алғыс айтып, жобаның маңызына тоқталды.

       - GekavoС жобасы аясында біз Қазақстан -неміс кәсіптік білім беру орталығын ашумен бірге кәсіпорындар үшін кәсіптік мамандар даярлауға, Германияда семинарлар өткізу арқылы оқытушылардың біліктілігін арттыруға, кәсіптік білім беру жаттықтырушыларын даярлауға қол жеткізбекпіз. Сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын жаңартуға көмектесеміз, - деді неміс делегациясының басшысы министр Армин  Виллингманн. - Немістер жағы қаржыландырып отырған бұл жобаны Германия Үкіметі қолдап отыр. Ал енді  мұны Қазақстан Үкіметі де қолдайды деп сенеміз.

         Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Сорбонна-Қазақстан» институтында GekavoС жобасына арналған офистің салтанатты ашылу рәсімі болды. Офистің лентасын Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор Такир Балықбаев пен Германия Министрі, доктор Армин  Виллингманн қиды. Заманауи ақпараттық техникалармен жабдықталған офис келешекте Германия мен Қазақстан арасындағы ғылыми және білім беру  байланыстарын тереңдете түсетін алтын көпір  болатынына күмән жоқ.

 

 

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз орталығы

Суреттерде: неміс делегациясымен кездесу сәті.

Суреттерді түсірген Серік Иманқұлов.