қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.12.2023

Абай университетінің үш оқытушысы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2023» атағына ие болды

 

Республикалық конкурстық комиссия жыл сайынғы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсы жеңімпаздарының есімдерін анықтады. Биылғы жылы 43 қазақстандық университеттің 150 оқытушысы өзінің кәсіби саласында үздік деп танылды.

 

Абай университетінің үш оқытушысы: Математика, физика және информатика институтының «Математика және математикалық модельдеу» кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Қымбат Бекенаева, Жаратылыстану және география институтының «География және экология» кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Думан Алиасқаров, Тарих және құқық институтының «Әлем тарихы» кафедрасының профессоры Болат Жұмағұлов «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2023» атағына ие болды. Оқытушылар мен олардың ғылыми еңбектері өз қызметі саласында үздік деп танылды.

 

Бағалау критерийлеріне электрондық оқу ресурстарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабыстарға патенттер және басқа да жетістіктер кірді. Сондай-ақ білім берудің барлық деңгейлерінде - бакалавриаттан докторантураға дейін - оқыту сапасы мен мамандарды даярлауға қосқан үлесі де бағаланды.

 

Жыл сайынғы ЖОО үздік оқытушыларын іріктеуге арналған конкурс оқытушылардың кәсіби өсуін қолдауға және ынталандыруға, олардың кәсібінің беделін арттыруға бағытталған. Ақшалай ынталандырудан басқа, жеңімпаздар білім мен ғылымдағы жоғары жетістіктері үшін лайықты төсбелгі алады.