қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
05.03.2024

Абай университетінің студенттері Астана мектептерінде өндірістік тәжірибеден өте бастады

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп елорда мектептерінде өндірістік тәжірибеден өту үшін Астанаға келген университетіміздің білім алушыларымен кездесу өткізді. Сондай-ақ шараға Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Басқарма төрағасы-ректоры Ерлан Сыдықов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Хайрулла Жанбеков және еліміздің жетекші педагогикалық университетінің жеті институтынан 181 студент қатысты.

 

Астана қаласының жаңа мектептерін жаңа формациядағы педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Болат Тілептің бастамасымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі және Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен Абай атындағы ҚазҰПУ 4 курс студенттері еліміздің бас қаласының жалпы білім беру ұйымдарында педагогикалық тәжірибеден өте бастады. Бұл бастама орта білім беру ұйымдарын білікті де ынталы мұғалімдермен қамтамасыз етуді көздейді.

 

Жиын барысында Саясат Нұрбек еліміздегі педагогикалық кадрлар тапшылығы мәселесін шешуде ұсынылып отырған бастаманың маңыздылығына тоқталды. Сапалы білім қалыптастырудағы жетекші педагогикалық оқу орнының басты міндетіне назар аудара отырып, ұстаздық мамандықты таңдаған студенттердің жауапкершілігіне баса назар аударылды. Болат Тілеп шәкірттерінің жоғары кәсіби деңгейде педагогикалық тәжірибеден өтетініне сенім білдірді және білікті маман еліне қызмет етіп қана қоймай, бүкіл қоғамның дамуына зор үлес қосатынын айтты.

 

Елордада білім беру саласындағы педагогикалық кадрлардың тапшылығын жоюдың маңызды міндетін шешу мақсатында Абай университеті мен Астана қаласының Білім басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжат аясында Абай университетінің 181 студенті 32 оқу орнында, оның ішінде 11 лицейде, 13 гимназияда, 1 орта мектепте, 3 арнаулы оқу орнында және 4 балабақшада тәжірибеден өтетін болады. Тәжірибе кезеңі 2024 жылдың 4 наурызынан 3 мамырына дейін жалғаспақ.

 

Жақын арада Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ бірлесе отырып, бүкіл еліміз үшін жоғары сапалы педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа жобаларын әзірлемек.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=