қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
14.03.2024

Абай университеті мен Жетісу облысының Білім басқармасы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

 

2024 жылдың 14 наурызында Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп Жетісу облысы Білім басқармасының өкілдерімен кездесті. Кездесуге Жетісу облысы Білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов, Жетісу облысы Білім басқармасы Дене тәрбиесі, спорт, алғашқы әскери дайындық және қосымша білім берудің ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Айбол Қасенов, университеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, академиялық мәселелер мен қоғаммен байланыс саласына жауапты департаменттердің басшылары қатысты.

 

Университет ректоры Болат Тілеп білім беру саласының өзекті мәселелеріне, оның ішінде университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шараларға ерекше тоқталды. Сонымен қатар, Алматы және Астана қалаларының Білім басқармаларымен ынтымақтастық аясында қалалар мен облыстардағы орта білім беру ұйымдарында педагог кадрлардың тапшылығы мәселесін шешу жолдары айқындалғаны атап өтілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептерді жаңа формациядағы педагогтармен қамтамасыз ету, сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Университет басшысы Абай университеті еліміздің білім беру саласын білікті кадрлармен қамтамасыз етумен қатар, кадрларды кәсіби даярлау сапасына ерекше мән беретінін атап өтті.

 

Кездесу барысында Жетісу облысының мектептеріндегі орыс тілі, математика және информатика мұғалімдерінің тапшылығы, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандардың қажеттілігі және білім сапасын жақсарту, мектеп басшылығы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, қайта даярлау мәселелері талқыланды.

 

Кездесу соңында ректор Болат Тілеп пен Жетісу облысының Білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  



Қоғаммен байланыс департаменті