қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
04.04.2024

Абай университетінде «Ғылым декадасы - 2024» іс-шарасы өтеді



Биыл Абай университетінде ғылым қызметкерлері күніне арналған дәстүрлі іс-шара - «Ғылым декадасы» 4-13 сәуір аралығында өтеді. Жыл сайынғы іс-шараның мақсаты - ғылыми қызметке тарту ғана емес, сонымен қатар университет оқытушылары мен білім алушыларының әртүрлі білім салаларында жаңа зерттеулер жүргізуге ынталандыру.

 

«Ғылым декадасы - 2024» 4 сәуірде Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрлігінің қаржыландырылатын «Постқалыпты кезеңдегі исламның рухани, мәдени, саяси, әлеуметтік феномен ретіндегі әсері мен болашағы: Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» бағдарламалық-нысаналы ғылыми жобаның аясында саясат, мәдениет және дін мәселелерін зерттеу орталығының салтанатты ашылуымен басталады.

 

Барлығы 6 модульге бөлінген жалпы саны 117 ғылыми іс-шара өткізу жоспарланып отыр: «Педагогикалық зерттеу университетіне трансформация», «Ғылым және инновация», «Ғылыми байланыс: университет-колледж-мектеп», «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық», «Республикалық ғылыми-зерттеу институттарымен интеграция» және «Өнер және спорттың ғылымдағы рөлі». Іс-шаралардың арасында жас зерттеушілердің ғылыми жолындағы тәжірибелерімен бөлісуге арналған Open talk, гранттық қаржыландыру конкурстарына өтініш беру стратегиясын түсінуге көмектесетін GrantBoost воркшоптар сериясы, халықаралық конференциялар, ғылыми шығармашылықты ынталандыратын олимпиадалар, зияткерлік шоулар және басқа да көптеген іс-шара болады.

 

Ғылым декадасы аясында интеграциялық және халықаралық ғылыми жобаларды жүзеге асыруға арналған университет грантына конкурстар, жас зерттеушілерге, сондай-ақ университет оқытушылары мен қызметкерлеріне арналған ректор грантының ғылыми жобалар конкурстары өткізіледі. Сонымен қатар 12-13 сәуірде университет студенттері арасында StartUp жобалар конкурсы өтеді.

 

9 сәуірде «Ғылым декадасы - 2024» салтанатты іс-шарасы өтеді. Онда ғылым ардагерлері мен жетекші ғалымдардың 2023 жылғы ғылымдағы жоғары жетістіктері үшін түрлі номинациялар бойынша естелік сыйлықтармен марапатталады.

 

 

03.04.2024ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz