қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
22.04.2024

«Білім бәйгесі – 2024» зияткерлік сайысы өтті


2024 жылдың 20 cәуірінде Педагогикалық шеберлік академиясы, Оқырмандар клубы және Жастар ісі жөніндегі комитеттің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Білім бәйгесі-2024» университетаралық  зияткерлік сайысы өтті.

 

Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді жұрттарда білім жарысы деген болады. Ол жарыста бәйгеге түсе алатындар білімділер, зейінділер. Білім жарысының басқадан артық бір жері мынау: бұған шығарған ақша далаға кетпей, көздеген мақсатқа тура тиеді», - деп,  білімнің басты құралы - кітап екенін атап өтеді. 23 сәуір - дүниежүзілік кітап күніне орай ұйымдастырылған бұл шараның негізгі мақсаты - жастарды кітап оқуға шақыру, кітаптың құндылығы мен пайдасын насихаттау, өзге бәйгелерден гөрі ой жарысының берері мол екенін түсіндіру.

 

Сайыс үш кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде әр топқа жабық сұрақтар қойылды. Екінші кезең  топ басшылар бір-бір шығармадан таңдап алып, өзіне түскен шығарманың идеясын ашып берді. Ал үшінші кезең ашық сұрақтар айдары бойынша  әр команда берілген сұрақтарға өз ойлары арқылы ұтымды жауап беріп, тапқырлық танытты.

 

Сайыста Алматы қаласының университеттері арасынан 6 топ бақ сынап, Бас жүлдені (100 мың теңге) ҚазҰҚызПУ «Ай-Ханым» тобы қанжығасына байласа, І орынды (70 мың теңге) Абай атындағы ҚазҰПУ «Нобель лауреаттары»  тобы, ІІ орынды (50 мың теңге) Абай атындағы ҚазҰПУ «Шамшырақ» тобы, ІІІ орынды (30 мың теңге) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Алқа» тобы, ынталандыру сыйлықтарын (кітап қоры) ҚазҰҚызПУ «Жас Талап» және оқырмандар клубының «Алаш айнасы» топтары иеленді. Әділ-қазылар алқасы жеңімпаз топтарға марапаттар мен сыйақыларды табыстап, жеңісімен құттықтап, білім шыңын бағындыруда сәттілік тіледі.

 

Шара соңында Оқырмандар клубының төрағасы Ербол Жолдас сөз алып, кітап оқудың пайдасын,  шығарманы оқу арқылы адамгершілік құндылықтармен сусындап, сыни ойлау дағдысын дамытуға болатынын атап өтіп, шараны қорытындылады. 

 

  alt=  

  alt=  

    

 

Жастар ісі жөніндегі комитет