қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
22.05.2024

Aбай университетінің оқытушылары Жак Маритен атындағы Халықаралық институтта тағылымдамадан өтті


ҚР ҒЖБМ «Білім беруді цифрландыру жағдайында өскелең ұрпақтың психологиялық денсаулығын сақтаудың инновациялық технологиясы ретіндегі ертегі терапиясына интеграциялық көзқарас» ғылыми жобасы аясында Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушыларына Жак Маритен атындағы Халықаралық институтына (Италия, Матера) ғылыми тағылымдама ұйымдастырылды. Институт директоры, философия докторы (PhD), профессор Винченцо Нунцио Скальционе мен Базиликата университеті профессор-оқытушылар құрамының жетекшілігімен «Білім берудегі еуропалық негізгі құзыреттер: негізгі сипаттамалар және оларды бағалау жүйесі» атты біліктілікті арттыру курсы әзірленіп, білім беруді цифрландыру жағдайында негізгі құзыреттіліктерді қалыптастыру, оқытудың заманауи тәсілдерін, оқыту дағдыларын және оқу ортасын зерттеу саласында тәжірибе алмасу мақсатында халықаралық семинар өткізілді.


Тағылымдама барысында курс қатысушылары - өнертану докторы Абишева О.Т., философия докторы (PhD) Ержанова Ф.М. жетекші университет ғалымдарының дәрістерін тыңдап, білім беру бағдарламаларымен танысты, профессорлармен пікірталастар мен шеберлік сабақтарына қатысты, әзірленген білім беру бағдарламалары бойынша кеңестер алды. Профессор Винченцо Нунцио Скальционенің жетекшілігімен Матера ұлттық кітапханасында «Ертегі терапиясы стрессті басқарудағы жұмыстың инновациялық әдісі ретінде» біліктілікті арттыру курсын ұйымдастырды.


Ертегі терапиясы технологиясын практикалық қолдану бойынша психология ғылымдарының докторы Алена Гарбердің жетекшілігімен Бад Вильдунген (Германия) қаласындағы Райнхардхоэ психология клиникасында ғылыми тағылымдамадан өтті, «Практикалық психологияның ертегі терапиясына кіріспе» және «Ертегі терапиясы балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасаудағы креативті әдістеме ретінде» атты екі бағытқа арналған шара мастер-класс форматында өткізілді.


Тағылымдама аяқталғаннан кейін курс қатысушыларына сертификаттар табыс етілді, бұл Жак Маритен атындағы Халықаралық институтпен, Базиликата университетімен (Италия, Матера қ.) және Райнхардхоэ халықаралық психологиялық орталығымен (Германия, Бад Вильдунген қ.) ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

 

  alt=  

  alt=  

  alt=