қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.05.2024

                    «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы»: Алматыда тарихшылар бас қосты

 

                

 

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

 

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына Қазақстанның және шетелдің белгілі ғалымдары, Алматы мен басқа да республикалық ЖОО оқытушылары қатысып, аталған мәселе бойынша өз көзқарастары мен ойларын ортаға салды. Шетелдік баяндамашылар қатарында Джю-Юп Ли (Канада), Хироюки Нагаминэ (Жапония), Нұрлан Кенжеахмет (Германия), Абдуллах Гюндогду (Түркия) болды.

 

- «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы» атты халықаралық ғылыми конференцияға қош келдіңіздер. Бүгінгі жиын әлемге Алтын Орда атымен танымал болған ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан империясының 4 бөлінісінің ішіндегі ең ұзақ өмір сүрген мемлекет - Жошы ұлысына арналып отыр. Ол - Алтай тауларынан Дунай өзеніне дейінгі жерлерді алып жатқан тілі, діні, тұрмысы, мәдениеті бөлек ондаған халықтарды біріктірген алып империя, ерекше өркениет. Жошы ұлысы өмір сүрген дәуір - қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан сөзі де бұл ойымызды қуаттай түседі, - деді Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма мүшесі - зерттеу қызметі жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан.

 

Конференция барысында Жошы ұлысының тарихнамасы мен дереккөздері, тарихи географиясы, іргелес көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстары, Еуразиядағы халықаралық қатынастардағы Алтын Орда хандарының рөлі және өзге де тақырыптар талқыланды.

 

23.05.2024

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz