қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
31.10.2013

 

Шығыс елдерімен мәдени-тарихи байланыстарды нығайту мәселелері

 

                Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университеті бүгінде интеллектуалдық, ғылыми-білім, қоғамдық-саяси және мәдени бағыттар  бойынша әлемнің 150 университетімен халықаралық және әріптестік байланыста жұмыс істеп келеді.

         Оқу орнының мақсаты шетел тілдерін оқыту барысында студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту болып табылады.

Жақында ғана университетте өткен «Қазақстанның шетелдік Шығыс елдерімен тарихи-мәдени байланыстары» атты ғылыми-тәжірибелік конференция  тақырып ауқымының кеңдігімен, өзектілігімен ерекшеленеді. Қытай Халық Республикасының, Түркия, Иран, Мысыр Араб Республикасының, Әзірбайжан мен Қырғызсьтанның белгілі ғалымдары,  дипломатиялық корпустың өкілдері  қатысқан бұл конференцияда Қазақстан мен Шетелдік шығыс елдері  арасындағы   тарихи және мәдени  байланыстар, Қазақстан жоғары оқу орындарымен шетелдік гуманитарлық байланыстарды кеңейту, біздің еліміздің жоғары оқу орындарында Шығыс елдерінің тілдері мен әдебиетін оқытуды онан әрі дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.   

         Пленарлық мәжілісті ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бірінші проректоры, профессор Мүбәрак Ермағанбетов Қазақстан Республикасы Білім және ғылым  министрлігі жобасы шеңберінде қолға алынған бұл іс-шараның халықаралық мәдени және ғылыми интеграцияны өркендетудегі және студент-жастарға Шығыс халықтары тілдерін оқыту мен үйретудегі, руханияттардың үндесуін қамтамасыз етудегі  маңызына тоқталды.

         Түрік Республикасының Алматыдағы Бас консулы, доктор Субхи атан, Египет Араб  Республикасының  Алматы қаласындағы білім және мәдениет істері жөніндегі атташесі Ашраф Дарвиш. Әзірбайжан Республикасы  Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Вагиф Арзуманлы, Иран Ислам Республикасы елшілігі  Мәдени  орталығының төрағасы, доктор Аскар Сабери  ҚХР Маньчжоу университетінің профессоры Ванег Ценг, Түркияның белгілі ғалымы, филология ғылымының докторы Энвер Капаган, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Шығыс  тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Князь Ибрагимұлы Мирзоев, филология  ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Шәмсиқызы Оразбаева  және басқалар Қазақстан мен шетелдік  Шығыс елдері арасындағы мәдени-тарпихи байланыстарды  дамытудың өзекті мәселелері туралы ой толғап, құнды-құнды ұсыныстарын айтты. Олар, әсіресе, жоғары оқу орындарында  шығыс елдерінің тілі мен әдебиетін оқытуды онан әрі жақсартудың жолдарына тоқталды.

         Пленарлық мәжілістен кейін конференция жұмысы «Шетелдік Шығыс әлемдік әлеуметтік-мәдени кеңістікте», «Шығыс тілдерінің даму тенденциялары мен болашағы» және «Шығыс тілдерін зерттеудің заманауи әдістері мен бағыттары»  деп аталатын үш секцияда онан әрі жалғасты. Секциялық жұмыста 80-нен астам баяндама тыңдалды және жан-жақты пікір алмасылды.

         Мырзахан Ахмет,

Абай атындағы қазақ ұлттық

педагогикалық университеті

Баспасөз орталығының жетекшісі