қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
17.01.2018

Абай атындағы ҚазҰПУ-да Алматы қалалық Демократиялық күштер коалициясының жиналысы өтті

 

2018 жылғы 16 қаңтарда Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің базасында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған Алматы қалалық Демократиялық күштер коалициясының кеңейтілген жиналысы өтті.

 

Коалицияның жиналысының ашылуында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қайым-Мұнар Табеев Жолдаудың мән-маңызын көпшілікке түсіндірумен қатар, оның жүзеге асырылуын қадағалау ісінің аса маңызды екенін атап өтті.

 

«Қазақстанның жаңа - Төртінші өнеркәсіптік революция әлемінде индустриалды-инновациялық дамуы мен жеделдетіп технологиялық жаңғыруына негізделген жаңа экономикалық үлгіге өтуі үшін мықты негіз қаланды. Бұл Жолдау еліміздің одан әрі жаңғыруы мен жаңа әлемнің көшбасшылары қатарына қосылуы жөніндегі Елбасымыздың стратегиялық бастамаларының тікелей жалғасы болып табылады» - деді Қайым-Мұнар Табеев.

 

«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстан: мәселелер мен оның шешілу жолдары» тақырыбында Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Интеллект орда» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер халықаралық институтының Бас директоры Саттар Мажитов баяндама жасады.

 

Сонымен қатар, «Ауыл» Халықтық Демократиялық партиясының төрағасы Абдулла Сапаров, «Ақжол» Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Ерлан Ақжолов, Алматы қалалық Демократиялық күштер коалициясы төрағасының орынбасары, «АЗМК» ЖШС Бас директоры, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Ахметжан Шардинов, «Қазақстан орыс мәдени орталығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Всеволод Лукашев өз ойларын ортаға салды.

 

Жиналыс қорытындысында Коалиция мүшелері Елбасының Жолдауына бірауыздан қолдау білдірді.