қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.12.2013

 

«Абай әлемі» фестивалі

 

         Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде студенттердің дәстүрлі «Абай әлемі» республикалық фестивалі өтті. Оған еліміздің әр аймағындағы 30 жоғары оқу орнынан 80 студент қатысты.

         Фестивальдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев былай деді:

-     Бүгінгі таңдағы басты міндет - Абайды шынайы әрі терең тану. Қазіргі Абай туралы ғылыми ізденістер бұрынғыдан көбейген. Әйтсе де Абай дүниетанымының өзегін тану әлі де көп тер төгуді қажет етеді. Абайдың «Толық адам» ілімі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Интеллектуалды ұлт - 2020» идеясымен өзектесіп отырса, мұның өзі жастардан осы ілімді тереңдетіп оқып, онан тағылым алуды талап етеді. Біздің бүгінгі өткізіп отырған фестиваліміз де студенттерді Абай әлеміне тәрбиелеу мақсатынан туындап отырғаны шындық. Немістер Гетені, қытайлар Конфуцийді қалай асқақтатса, біз де Абайымызды солардай биік деңгейге көтеруіміз керек. Осы мақсатпен біз университетімізде «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашып, оқу үдерісіне «Абайтану» пәнін енгізгенімізге де 5 жылдан асып қалды. Студенттердің шығармашылық қабілетін дамыту, ғұлама Абай ғибратындағы адамдық, азаматтық, имандылық идеяларын түсіндіру мақсатымен «Абай мектебін» аштық, ақынның сөз маржандары мен ой жауһарларын насихаттау мақсатында «Абай айтады» акциясын өткізіп келеміз.

Қытай Халық Республикасының Іле педагогикалық университетінде, Түркияда «Абай орталықтарын» ашып, сол елдің ғалымдарымен бірге ұлы ойшыл Абай мұраларын біріге зерттеуді қолға алдық. Венгрияда, Польшада «Абай орталығын» ашуға келісім-шарт жасасып отырмыз. Міне, осы іс-шаралардың бәрі қазақтың ұлы Абайын әлемдік деңгейге көтеру мақсатынан туындап отырғаны анық.

«Абай әлемі» республикалық фестивалі биыл университет қабырғасында үшінші рет өткізіліп отыр. Байқауға қатысушылар санының күрт өскендігі еліміздегі жоғары оқу орындарының бұл фестивальге ынта-ықыласы арта түскенін көрсетеді.

Фестиваль барысында жастар Абай өлеңдерін, қара сөздерін көркемдеп оқудан және Абай әндерін кәсіптік деңгейде орындаудан жарысқа түсті. Әр аталым бойынша білікті мамандардан жасақталған қазылар алқасы жастардың өнерін шынайы бағалауға мүмкіндік берді.    

Фестиваль аясында өткен «Абай әндері» байқауы бойынша, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-композитор Тұрсынжан Шапай, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының меңгерушісі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, дәстүрлі әнші Ержан Смағұлұлы, «Абай өлеңдері» байқауы бойынша педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қалиев Серғазы Калиұлы, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бекбосынов Марат, «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Мақсат Әліпхан, «Абайдың қара сөздері» байқауы бойынша «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Шойынбет Жабалы Алшынбекұлы, Магистратура және PhD докторантура институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Халитова Исламия Рамазанқызы, «Нұр Мүбарак» Египет Ислам мәдениет университетінің ректорының көмекшісі, PhD докторы Паттеев Мұхитдин сынды тұлғалар қазылық етіп, әділ бағаларын берді.

«Абайдың өлеңдері» байқауы бойынша:

Бас жүлдені Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті - Зұлпыхаров Ерқасым;

I орынды Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Қапалов Ерлан;

II орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Тұрағалды Гүлнар;

ІІІ орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Жүсіпбекова Умида иеленді.

«Абайдың қарасөздері» байқауы бойынша:

Бас жүлдені М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік Университетінің студенті- Айнабекова Назерке;

І орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Орынбасар Әйгерім;

II орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Әбдімүтәліп Тұмар;

III орынды Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Кәдірханова Сандуғаш иеленді.

«Абай әндері»  байқауы бойынша:

Бас жүлдені Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік Университетінің студенті - Көшпенбет Мәди;

I орынды Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіның студенті Нағымбаев Тілекбай;

II орынды Абай атындағы ҚазҰПУ квинтеті;

III орынды Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің дуэті Тұрғанбай Мади және Шаяхмет Яхия иеленді.

         Жеңімпаздарға Дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

 

                                                                                     Мырзахан Ахмет,

                                                                                     журналист        

Суреттерде: Марапаттау сәті.

Суреттерді түсірген Серік Иманқұлов