қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.03.2014

Көрнекті тұлғаны ұлықтады.


2014 жылдың 17 наурызында профессор Базар Қабдошұлы Дамитовтың 70 жасқа толған мерейтойына орай «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуы» атты Дөңгелек үстел өткізілді. Б.Қ.Дамитов – Ұлттық Білім академиясының академигі, ТМД елдері білім беру бойынша Мемлекет аралық Кеңесінің, IAE Бас Ассамблеясының (салыстырмалы педагогикалық зерттеулердің Халықаралық Ассамблеясы) мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесінің көрнекті ұйымдастырушысы және бүгінгі күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сапаны сараптау және даму стратегиясы институтының директоры. Базар Қабдошұлы Мәскеу инженерлік-физика институтын бітіргеннен кейін И.В.Курчатов атындағы Атомдық энергия Институтының аспирантурасында білім алып, осы институтта кандидаттық диссертация қорғады.1972 жылдан бастап еліміздің білім беру саласында басшылық қызметтерде болды. Талдықорған педагогикалық институтында 10 жыл еңбек етіп, кафедра меңгерушісі, декан, проректор, 1983-86 жылдары еліміздің Оқу министрлігінде бөлім бастығы, ал 1986 жылдан 1991 жылға дейін Жамбыл педагогикалық институтының ректоры қызметтерін атқарды.
Базар Қабдошұлының Қазақстан Республикасының Президенті аппаратында, Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіндегі жасампаз қызметтерінің де рөлі ерекше. Базар Қабдошұлы Дамитовтың басшылығымен «Білім туралы», «Жоғары білім беру туралы» және «Жастар саясаты туралы» бірқатар заңдар мен көптеген нормативті құжаттардың жобалары әзірленді. Базар Қабдошұлы еліміздің білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосты. Заман талабына сай жаңа ұлттық бағдарламалар мен тұжырымдамаларды әзірлеуге белсене атсалысты. Дөңгелек үстел жұмысын Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Серік Жайлауұлы Пірәлиев жүргізіп отырды. Ректор өзінің кіріспе сөзінде республиканың білім беру саласының қалыптасуы мен дамуында Б.Қ. Дамитовтың еңбегінің ерекше екенін атап өтті.Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ректорының бұйрығымен сапа саласындағы университеттің дамуына қосқан жемісті үлесі үшін Базар Қабдошұлы Дамитов университеттің «Құрметті қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.
Дөңгелек үстел мәжілісінде «Жоғары білім берудің жаңаруы және Б.Қ. Дамитовтың рөлі» атты тақырыпта Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми ісі жөніндегі проректоры В.Н. Косов баяндама жасады.
Дөңгелек үстел қонақтары – мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері жүрекжарды құттықтау тілектерін білдірді: Р.А.Алшанов – «Тұран» университетінің ректоры, ҚР ЖОО Ассоциациясының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор; А.К.Мухтар – БҚМУ ғылым ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор; К.Н.Нарибаев – ҚР ҰҒА қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің төрағасының орынбасары; А.А. Семченко– ҚР Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты директорының орынбасары; А.И. Купчишин– Абай атындағы ҚазҰПУ-дың физика-технологиялық орталығының директоры; А.И.Самаренко – ҚР ЖОО Ассоциациясы президентінің кеңесшісі; Т.Д. Тасбулатов– Білім берудегі жаңа технологиялардың Алматы қалалық орталығы директорының орынбасары және тағы басқалар.


ҚР ЖОО Ассоциациясының президенті Р.А.Алшанов Базар Қабдошұлы Дамитовтың егемен Қазақстанның білім беру жүйесінің оқығаны мен тоқығаны көп ең білімді мамандарының бірі екенін атап өтті және мерейтой иесіне оның ғылыми-педагогикалық қызметі, көп жылдық жемісті ұйымдастырушылық және тәрбие жұмыстары үшін А. Байтұрсынов атындағы медальды табыс етті.