қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.09.2018

Студенттер қатары жаңа лекпен толықты


Алдағы қазан айында өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті бүгінде еліміздегі педагогикалық мамандар даярлайтын, «Білім», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары» саласындағы аса ірі ғылыми білім беру орталығы болып саналады. Мұндағы 7 институт, бір факультет, 30-дан астам кафедра бакалавр - магистратура - PhD докторантура жүйесі бойынша мамандар даярлаумен айналысады. Болон үдерісіне (Италия) мүше болып отырған оқу орны әлемнің ең таңдаулы 500 ТОП университеттерінің арасында 481 орынға, еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындары арасында 1 орынға шығып отырса, бұл университет басшылығы мен ұжымының шығармашылық ізденістері мен қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз. Биылғы жаңа оқу жылында да оқу орны білім алушылардың жаңа легімен, тың күшпен толықты.


Студенттер, ұстаздар, ата-аналар қатысқан Білім күніне арналған салтанатты жиынды ашқан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор Такир Балықбаев университет табалдырығын жаңа аттап отырған студенттер мен ұстаздарды Білім күнімен құттықтады. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасына» байланысты биыл қосымша 20 мың мемлекеттік білім гранты бөлініп, оның едәуір бөлігі педагогикалық мамандықтарға бағытталған еді. Сол гранттардың иегерлері бізде де баршылық, - деді ректор Такир Балықбаев. - Биыл біздің университетімізге 3500-ден астам адам оқуға түссе, оның 1015-і мемлекеттік білім грантына ие болды. Биылғы жаңа лектің ішінде 224 «Алтын белгі», 174 «Үздік аттестат» иегерлері бар екенін мақтанышпен айтамыз. Бұл студенттеріміз университет қабырғасында да жақсы оқуымен және үлгілі тәртібімен көш бастайды деп сенеміз». Осылай деген ректор Такир Балықбаев еліміздің әр аймағынан мұғалім мамандығын қалап, үміт жетегінде, арман қанатында келген жас толқынға бұл университетті таңдауда қателеспегенін, мұнда сапалы және тиянақты білім алуға толық жағдай бар екенін айтты. Сондай-ақ ол студенттер мен жиналған көпшілікке биыл 90 жылдығын атап өткелі отырған еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің тарихы және бүгінгі әлеуеті туралы бірқатар ақпараттар берді.


Бірінші курстықтар атынан сөз алған Азамат Ұзақов пен Карина Слюн еліміздегі мәртебелі оқу орнының студенттері атанғандарын мақтаныш ететіндерін айтып, өздерінің оқуда да, қоғамдық өмірде де алда болатындарына сендірді. Ректор оларға символикалық Білім кілті мен студенттік билетті салтанатты жағдайда тапсырды.


Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева, ҚР-дағы Франция елшілігінің университеттік ынтымақтастық жөніндегі атташесі және СҚИ содиректоры Жиль Маметц көпшілікті білім күнімен құттықтады.


Ректор Такир Балықбаев биыл Индонезияда өткен Азия чемпионатында еркін күрестен қола медальмен оралған университет магистранты Әділет  Даулымбаевты жеңісімен құттықтап, оған 350 мың теңгенің сертификатын тапсырды.


Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.


Сол күні ректор Такир Балықбаев және университет проректорлары әр институтта студенттермен жеке-жеке кездесулер өткізіп, лекциялар оқып, білім алушылардың сұрақтарына жауап берді...

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім