қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Хабарландыру
29.09.2023

С.Ж.Пралиевті еске алуға арналған «Білім беру стратегиялары: болашақ кадрларды даярлау» халықаралық форумы


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Білім беру стратегиялары: болашақ кадрларды даярлау» халықаралық педагогикалық форум өтеді. Бұл маңызды іс-шара көрнекті қоғам қайраткері, белгілі ғалым-педагог, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Жайлауұлы Пралиевті (1952-2022) еске алуға арналған.


Форумның басты мақсаты - 2008-2017 жылдар аралығында еліміздің жетекші педагогикалық университетін он жылға жуық басқарған С.Ж.Пралиевтің шығармашылық мұрасын насихаттау болып табылады.


Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев,мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Жақсыбек Кулекеев, отандық және шетелдік ғалымдар қатысады.


Форум аясында С. Ж. Пралиевтің ғылыми еңбектерінің көрмесі; ғалымның атымен аталған конференц-залдың салтанатты ашылуы; педагог пен ғалым туралы кітаптардың тұсаукесері; «Үздік ғылыми жарияланым» конкурсының нәтижелерімен танысу және жеңімпаздарды марапаттау рәсімі; «Қазақстанда педагогикалық білім беруді ғылыми-зерттеушілік сүйемелдеу мен тұжырымдауға сұраныс» панельдік пікірталас; «Мектеп пен университет диалогы: жаратылыстану-географиялық цикл пәндерін оқыту әдістемесін жаңарту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Сондай-ақ, зерттеу топтарының отырыстары өтеді, онда сарапшылар білім берудегі негізгі тақырыптарды талқылап, инновациялық әдістер мен формаларды тұтас педагогикалық үдеріске енгізу бойынша үздік оқытушылардан шеберлік сабақтары ұсынылады.


Форумда білім беруді цифрландыру жағдайында педагог кадрларды кәсіби даярлаудың өзекті мәселелері; қазақстандық білім берудегі инновациялық процестер; ЖОО-да оқытудың психологиялық-педагогикалық және әдістемелік аспектілері; жоғары білім сапасының мониторингі; инклюзивті білім берудің қазіргі мәселелері талқыланады.


Отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен өтетін Форум педагогикалық білім беру саласында білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді.

 

Өтетін орны: Достық даңғылы, 13, 202 конференц-зал.


Өтетін күні мен уақыты
: 2023 жылғы 30 қыркүйек сағат 9: 30-да.


Байланыс телефоны: 8 778 908 09 20 Римма Абдықадырқызы