қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.04.2015

Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Қазақ хандығы: тарихы мен тағлымы» атты дөңгелек үстел өтті


Жуырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академик Т.С. Садықов атындағы Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдық мерейтойына орай «Қазақ хандығы: тарихы мен тағлымы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Қазақ хандығы тарихын зерттеп жүрген ғалымдар қатысты. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев Қазақ мемлекеттілігі туралы ортағасырлық деректер бойынша баяндап берді. Ал Қазақ-Американ университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Өтениязов Қазақ хандығын зерттеудің өзекті мәселелерін көрсетіп берді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ұзақ жылдар бойы ортағасырлық хандықтар тарихын зерттеп жүрген Фәкия Шамшиденова болса, Қазақ хандығының сыртқы саясаты туралы қызықты әңгімеледі. Сондай-ақ кафедраның оқытушы-ғалымдары, археолог Арнабай Нұржанов Қазақ хандығының құрылған жері, Қазақ хандығы тұсындағы қалалар жайында мультимедиялық материалдар негізінде әңгіме өрбітті. Тарих ғылымдарының докторы, кафедра меңгерушісі Айткүл Махаева Қазақ хандарының қырғыздарға қатысты ұстанымы жөнінде баяндады. Ал Қазақстанның еңбегі сіңірген қайраткері, күйші, Өнер, мәдениет және спорт институтының аға оқытушысы Ерболат Мұстафаев Қазақ хандығы дәуіріндегі күйлердің тарихын айта отырып, домбырадан шашу шашты. Келген қонақтарға кафедра меңгерушісі, т.ғ.д. А.Ш. Махаева өзінің ұжымының атынан сый-сыяпат жасап, рахметін айтты. Қонақтар да Айткүл Махаеваны «Қамшы» ақпараттық порталы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай жариялаған шығармашылық бәйгесінде алған жүлдесімен құттықтады.