қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
17.04.2015

Б.СМАНОВ - ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТЫ

 

ХХ ғасырдың Гомері атанған ұлы жыршы, ақын, Жамбыл Жабаевтың тағылымы мол бай мұрасын жаңғыртып, халық арасында насихаттап, таратуға сіңірген еңбегі үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Аппарат жетекшісі, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Халықаралық Ш.Айтматов академиясының акдемигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақтияр Өрісбайұлы Сманов Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Бақтияр Сманов Жамбыл шығармашылығын насихаттаумен және оны орта мектепте оқыту әдістемесін жасаумен 1978 жылдан бері үзбей айналысып келеді. Осы мәселелер бойынша теле және радио хабарлар, арнаулы бағдарламалар жүргізуге қатысты, ондаған ғылыми мақалалары жарық көрді. Осы жылдарда ғалым Бақтияр Сманов бірнеше дүркін қайта басылған қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарға арналған «Қазақ әдебиеті» пәнін оқытудың әдістемелік нұсқаулық кітабында арнайы тарау ретінде Ж.Жабаев шығармашылығын оқытудың нақтылы әдістемесін жасап берді. Бүгінде орта мектептер жыр алыбы шығармаларын оқытуда осы әдістемені пайдаланып келеді.
Сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің тікелей басшылығымен осы оқу орнында 2011 жылы «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институты ашылса, бұл ғылыми-зерттеу мекемесінің қалыптасуына профессор Бақтияр Сманов та айтарлықтай үлес қосты. «Жамбылтану және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институты (директоры - филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Ыбырайым) аз уақытта Жамбыл Жабаевтың 4 томдық шығармалар жинағын және 1 томдық библиографиялық көрсеткіштерін баспадан шығарып үлгерді. Бұл жинаққа Жәкеңнің бұрынғы жинақтарында жарияланған өлең-жырларымен қатар, бұрын еш жерде жарық көрмеген көптеген шығармалары енгізілген. Сондай-ақ жыр алыбының әндері мен күйлері нотасымен тұңғыш рет жарияланып отыр.
Б.Смановқа сыйлықты Жамбыл атындағы Қордың директоры жазушы Н.Қапалбеков табыс етті.
Профессор Б.Смановты лауреаттығымен құттықтай отырып, оған жаңа шығармашылық табыстар тілейміз.

 

Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Ақпарат орталығының директоры.