қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.04.2015

Қазақстан Халқы Ассамблеясы-елдегі тұрақтылықтың кепілі


Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап осы уақытқа дейін әлем картасынан ойып орын алып, өзінің даму жолын өзге елдерге үлгі ете бастағаны-ынтымағы мен бірлігі жарасып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білгендігінің арқасы. Осы жолда татулық пен бірлікті ту еткен Қазақстан Халқы Ассамблеясының алар орны мен еткен еңбегі ерекше. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы наурыз айында құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы халықтар достығы мен ынтымағын, бірлігі мен берекесін жарастыруда аянабай еңбек етіп келеді. Зымыраған уақыт кемесімен желдей есіп, міне, бүгін осы Ассамблеяға 20 жыл толып отыр. Осыған орай еліміздің түпкір-түпкірінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған көптеген салтанатты шаралар өтуде. Осындай игі іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы мен Көптілді білім беру институтының ұйымдастыруымен "Ассамблеяның Қазақстан халықтарының қоғамдық және азаматтық келісімдерді қамтамасыз етудегі рөлі : әлеуметтік экономикалық , халықаралық және саяси-құқықтық мәселелер" тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті.
Конференция жұмысына университетің бірінші проректоры, профессор М.Е.Ермағанбетов, тәрбие жұмысы жөніндегі проректор Ж.Е.Ішпекбаев, Көптілді білім беру институтының директоры, профессор Т.Т.Аяпова, сондай-ақ елімізге белгілі бір топ академиктер мен Ассамблея мүшелері және профессор-оқытушылар мен студент-жастар қатысты. Пленарлық мәжілісте сөз алған профессор М.Е.Ермағанбетов мәжіліске жиналған қонақтарды Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдық мерекесімен құттықтады. Ол Қазақстан Республикасындағы әр түрлі ұлттар мен ұлыстарды тату етіп бір арнаға тоғыстыру Ассамблеяның басты мақсаты екендігіне тоқталды. «Қазіргі таңда әлемде бір ұлттан тұратын мемлекеттер жоқтың қасы, қандай да бір мемлекетті алып қарасаңыз да онда кем дегенде оннан аса ұлттар мен ұлыс өкілдері мекен ететінін көрер едіңіз. Осындай мемлекеттердің кейбірі ұлтаралық теңдікті сақтай алмауының нәтижесінде сыртқы күштердің ойыншығына айналып, өз-өзін құртып жатқанда, біздің еліміз ынтымақ пен бірліктің арқасында осындай дәрежеге жетуіне басқа көршілеріміз қызыға да қызғана да қарайтыны сөзсіз»,-- деді М.Е.Ермағанбетов. Егемен еліміздің көк туы көк аспанда желбіреп, халқымыздың бейбіт заманда өмір сүруі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екендігін атап көрсетті ол. Мәжілісте сөз алған заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі С.С.Сартаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың профессоры, ҚР ҰҒА академигі С.Н.Сәбікенов, «Мицева» еврей мәдени орталығы қауымдастығының президенті, Ассамблея мүшесі А.И Барон, Әл-Азһар университетінің профессоры Али Шабан және т.б. көрнекті ғалымдар сөз алып, бүгінгі мерекемен Қазақстан халқын құттықтап, Ассамблеяның тәуелсіздіктің қалыптасуы кезіндегі ең күрделі жылдарында еліміздің Бірінші Президенті Н.Ә. Назарбаевқа сүйеу бола білгендігіне тоқталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы бүгінгі әлемде болып отырған геосаяси дағдарыс кезіне дәл келіп отыр және Қазақстан Республикасының оңтайлы тәжірибесі көптеген елдер үшін үлгі деуге болады, деді сөз алған қонақтар. Сондай-ақ түркі мәдени орталығының жетекшісі, ҚХА мүшесі Қ.Т.Қасымов әлем халықтарының татулығы мен ынтымағын жақсартуда БҰҰ-ның рөлі қандай болса, Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігі жолындағы ҚХА міндеті сонымен бірдей екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ бүгінгі конференцияның пленарлық мәжілісінде басқа да профессор-ғалымдар баяндама жасады. Конференцияны М.Е.Ермағанбетов қорытындылап, одан әрі секциялар жұмыстары басталып кетті.