қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
07.03.2019

«Абайды әлем таниды» халықаралық онлайн-вебинары

 

  

 

2019 жылдың 6 наурызында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Шетел азаматтарына арналған жəне ЖОО дайындық факультетінің «Шетелдік азаматтарға арналған филологиялық мамандықтар» кафедрасы мен университеттің Халықаралық ынтымақтастық басқармасы «Абайды әлем таниды» тақырыбында халықаралық онлайн-вебинар өткізді. Бір уақытта əртүрлі елдердің алты бірдей жоғары оқу орындарын қамтыған аталмыш форматтағы халықаралық вебинар университет қабырғасында алғаш рет өткізілді.


Іс-шараға Мəскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің (Ресей), Бинали Йылдырма атындағы Эрзинджан университетінің (Түркия), Чжэцзянь шет тілдері институтының (Қытай), Хошимин мемлекеттік педагогикалық университетінің (Вьетнам), Баку мемлекеттік университетінің (Əзербайжан), Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев инттеллектуалды мектебінің өкілдері қатысты.


«Шетелдік студенттерге арналған филологиялық мамандықтар» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сəуле Бегалиева Абай Құнанбаев тұлғасының əлемдік маңыздылығын түсіну жəне вебинар қатысушыларымен бірлескен ынтымақтастықтың болашағын анықтау вебинардың басты мақсаты екендігін айтты.

 

Іс-шараны ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ақтолқын Құлсариева ашты. Қазақ мəдениеті мен тарихындағы Абайдың орнын, қазақстандық қоғамды жаңашылдандыру кезеңінде ұлы ағартушының рухани мұрасын зерттеу қазіргі Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ өзге елдер үшін де маңызды екендігін атап өтті.


ММПУ-дың оқу-əдістемелік ісі жөніндегі проректоры, XX-XIX ғғ. орыс əдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Людмила Трубина əлемдік əдебиет мəн мəтініндегі Абай мұрасы мəселелеріне тоқталып, ММПУ-дегі Абай орталығының ашылуын жəне Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен тығыз байланыс орнатуға дайын екендігін жеткізді.


Абайдың алатын орны жəне бірлескен ынтымақтастықты арттырудың келешегі туралы Хошимин мемлекеттік педагогикалық университеті (Вьетнам, Хошимин), Орыс тілі факультетінің деканы Нгуен Тзи Ханг, Бинали Йылдырма атындағы Эрзинджан университетінің (Түркия, Эрзинджан) халықаралық ынтымақтастық басқармасының маманы А.Сердалиева, Баку қ., Абай орталығының жетекшісі Ф.Дурсунова, (ХББ) НИМ 11 сынып оқушылары мен мұғалімдері өз пікірлерімен бөлісті.


Вебинар аясында Абай Құнанбаевтың еңбектерімен таныстыру мақсатында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми кітапханасының көрмесі ұйымдастырылды. Факультеттің шетелдік студенттері ұлы ақынның қара сөздері мен өлеңдерінің орыс, қытай, корей, ағылшын, француз тілдеріндегі аудармаларынан үзінділер орындап, «Көзімнің қарасы» əнін шырқады.


Халықаралық вебинар қорытындысы бойынша ұйымдастырушылар мен қонақтар аталмыш көлемдегі пікір алмасудың қажеттілігі мен өзектілігі туралы айта келіп, болашақта ынтымақтастықты жандандыра түсетіндіктеріне сенім білдірді.

 

   

 

 

   

 

  

 

Шетелдік азаматтарға арналған және жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультеті (Foundation)