қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
08.04.2019

Қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы

 

2019 жылдың 4-5 сәуірінде Филология және көптілді білім беру институты академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы «Сөзтаным» ғылыми-танымдық үйірмесінің жетекшісі Роза Бақбергенованың ұйымдастыруымен қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың 120 жылдық мерейтойына арналған «Профессор Құдайберген Жұбанов тағылымы» тақырыбында ғылыми семинар және «Жұбанов жастары» тақырыбында ғылыми-танымдық кеш өткізілді. Лингвист ғалымға арналған ғылыми-танымдық кешті Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева салтанатты түрде ашып, ғалымның өмір жолы мен ғылыми қызметіне тоқталып өтті.

 

Унивеситетке академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен білім алуға келген студенттер мен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Сөзтаным» үйірмесінің студенттері профессордың қазақ руханиятында алатын орнының өлшеусіз екендігіне тоқталды. Ғылыми-танымдық кеште «Жұбановтар әулеті» тақырыбында бейнебаян көрсетіліп, профессор Құдайберген Жұбановтың қысқа болса да, мазмұнды өміріне арналған студенттердің қойылымдық көрінісі көрермендерін шынайылығымен толқытса, күй тарту, би билеу, ән орындау өнерлері кешке қатысушы қауымды керемет көңіл-күйге баурады.

 

4 сәуірде «Профессор Құдайберген Жұбанов тағылымы» тақырыбында академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде білім алуға келген студенттердің қатысуымен өткен ғылыми семинардың комиссия құрамы: академик С.Қирабаев атындағы кафедра меңгерушісі, профессор Қалбике Есенова, ф.ғ.д., профессор Балқия Қасым, п.ғ.д., профессор Жаңалық Балтабаева, ф.ғ.д., профессор Қаламқас Қалыбаева., ф.ғ.д., профессор Нағима Ільясова, ф.ғ.к., профессор Саян Жиренов жеңімпаздарды анықтап, дипломдармен марапаттады.

 

І-ші дәрежелі дипломды Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «5B011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті - Қанат Сары, ІІ-ші дәрежелі дипломды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Филология факультетінің 2-курс студенті - Арайлым Қуандықова, ІІІ -ші дәрежелі дипломды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінінің 3-курс студенті - Айнұр Нұрберген иеленді.

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Филология факультетінен біздің Абай атындағы ҚазҰПУ-ға ғылыми тағылымдамадан өтуге келген магистранттарға университетіміздің ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева сертификаттар табыстады.

 

Ғылыми-танымдық кеш соңында ф.ғ.д., профессор Асқар Жұбанов, ф.ғ.д., профессор, п.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент мүшесі Фаузия Оразбаева,профессор Жамал Манкеева және жұбановтанушы жас ғалымдар, Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы, академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қалбике Есенова, кафедраның профессор-оқытушылар құрамы Жастар жылында өткізіліп отырған ғылыми-танымдық кештің маңыздылығын ерекше атап өтті. Профессор Құдайберген Жұбановтың кіші ұлы - филология ғылымдарының докторы, профессор Асқар Жұбанов студент жастарға ақ батасын беріп, ғылыми-танымдық кешті ұйымдастырушы кафедраның академиялық ұтқырлық жұмыстары мен «Сөзтаным» ғылыми-танымдық үйірмесінің жетекшісі Роза Бақбергеноваға алғыс білдірді.

 

Жастар жылында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті студенттерінің профессор Құдайберген Жұбановтың 120 жылдығына арналған «Жұбанов жастары» тақырыбындағы ғылыми-танымдық кеші достық пен ынтымақтастықтың аясында ұйымдастырылған өте мазмұнды, тағылымы терең ғылыми-танымдық кеш ретінде атап өтілді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Академик С.С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы