қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.10.2019

Қазақ әдебиетінің көрнекті классигі
(Абай атындағы ҚазҰПУ-да жазушы Ә.Нұрпейісовпен кездесу өтті)


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі студент-жастарды еліміздің көрнекті қайраткерлері өнегесінде тәрбиелеуге бағытталған «Ұлы Дала тұлғалары» орталығының кезекті дәрісі Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық және қайраткерлік еңбегіне арналды. Биыл 95 жасқа толып отырған қазақ әдебиетінің абыз ақсақалы студенттермен кездесуге өзі келді.


Танымдық дәрісті ашқан университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев алдымен жазушының шығармашылығына тоқталды.


- Өз кезінде ұлы ұстазымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ жұртын төрткүл әлемге танытып, именбей шекара аттаса, ұлы ұстаздың лайықты шәкірті бола білген Әбдіжәміл Кәрімұлының шығармалары да талғамы биік әлем жұртшылығын мойындатып, дүниенің төрт бұрышын шарлап кетті.


Ұлы Отан соғысының от-жалынынан аман-сау оралған балаң жігіт алғашқы романы «Курляндияны» оқырман назарына ұсынғанда әдебиет сүйер орта әдебиетке қабырғалы қаламгер келгенін бірден байқаған еді. Қаламгердің «Қан мен тер» трилогиясы Арал балықшыларының ғана емес, жалпы қазақ ұлтының болмыс-бітімін айқара ашып көрсеткен теңдесі жоқ шығарма ретінде тарихта қалды. Аталмыш шығарма «Абай жолы» романынан кейін сәл саябырлап қалған әдеби көшімізді жаңа серпінмен алға жетелегендігі туралы әділ айтылып жүр.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының догкторы Темірхан Тебегенов жазушының шығармашылығы туралы терең мазмұнды баяндама жасады. Елімізге кеңінен белгілі жазушы Молдахмет Қаназ Әбдіжәміл Кәрімұлының қаламгерлік және адамгершілік қырларынан терең тағылымды әңгімелер айтты.


Кездесуде сөз алған көрнекті жазушы Смағұл Елубаев Әбдіжәміл Нұрпейісовтың ұлтжандылық және қайраткерлік қырларына тоқталды.


Академик Әлия Бейсенова Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әлемдік деңгейдегі жазушы екенін айта келіп, ол кісінің өзімен және отбасымен араларындағы сыйластық туралы тебірене сыр шертті.


Ә.Нұрпейісов өзінің ұлы ұстазы Мұхтар Әуезов, көрнекті жазушы Сәбит Мұқанов, ақындар Тайыр Жароков, Қуандық Шаңғытбаев және басқа да қаламдас достары туралы әңгімелеп, студенттердің сұрақтарына жауап берді.


Университет ректоры Такир Балықбаев Әбдіжәміл Нұрпейісовке Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құрметті профессоры дипломын тапсырып, профессордың мантиясын кигізді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім