қазақша · русский · english
 
 
 
08.04.2024

Aбай университетінің ғалымдары Стамбул университетінде ғылыми тағылымдамадан өтті

 

Педагогика және психология институтының мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының оқытушылары - кафедра меңгерушісі Ұлбосын Қыяқбаева, қауымдастырылған профессор Гүлбану Абитова, қауымдастырылған профессордың м.а. Анар Алимбекова және Асем Булшекбаева Түркияның ең көне университеттерінің бірі Istanbul University-де «Ғылыми-зерттеу және академиялық ұтқырлық» атты 1 айлық ғылыми тағылымдамадан өтті (тағылымдама 1.03 бастап 17.03.2024 ж. дейін онлайн, 18.03. бастап, 31.03.2024 ж. дейін Стамбул университетінің базасында өтті).

 

Ғылыми тағылымдаманың мақсаты-білім мен ғылымды дамыту қажеттіліктеріне жауап беретін серіктестік қатынастарды орнату негізінде ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігін арттыру.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары алдын ала онлайн-дәрістерді тыңдап, келесі тақырыптар бойынша практикалық тапсырмаларды орындады: «Цифрландыру жағдайындағы білім беру саласындағы заманауи үрдістерді талдау», «Оқытудағы цифрлық технологиялар», «Artificial intelligence», «Цифрлық кейстер», «Білім берудегі математикалық әдістер мен цифрлық технологиялар».

 

Стамбул университетіндегі ғылыми тағылымдама Стамбул университетінің Фараби атындағы Еуразиялық ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Абдулла Кизильчикпен кездесуден басталды, онда тағылымдама жоспарының негізгі бағыттары талқыланды.

 

Ғылыми тағылымдаманың негізгі бағыттарының бірі Стамбул университетінің жетекші ғалымдарымен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмысы болды, онда қазақстандық оқытушылар «Ғылыми зерттеу әдістемесі» дәрісін талқылауға қатысты, докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстары ұсынылды және психология зертханасында постдокторанттармен кездесу өткізілді. Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары 2 курс докторанты Айдын Зейнеп Таримнің ғылыми жетекшісі, білім докторы, профессор Юсуф Альперенмен бірге ғылыми-зерттеу жұмыстарын талқылау бойынша ғылыми семинар жұмысына қатысты.

 

Ғылыми тағылымдаманың келесі бағыты Стамбул университетінің Ғылыми кітапханасында ғылыми орталыққа бару және кітапхана ресурстарымен жұмыс істеу болды.

 

Istanbul University «Білім беруді ақпараттандыру» бөліміне барған кезде тәжірибелі ғалымдар жоғары оқу орны қызметінің әртүрлі салаларын цифрлық дамыту және трансформациялау бағыттары туралы айтып, университеттің цифрлық платформаларының, жүйелері мен сервистерінің жұмысын көрсетті, қолда бар әлеует пен проблемалық аймақтарды талқылады, сондай-ақ Aбай университетінің оқытушылары профессор, Стамбул университетінің «Білім беруді ақпараттандыру» бөлімінің деканы Севинч Гүлсечен өткізген «Білім берудегі жасанды интеллект» дәрісіне қатысты.

 

Ғылыми тағылымдама барысында Istanbul University "Erasmus+" бағдарламасының ұйымдастырушыларымен кездесу өтті, онда білім беру саласындағы халықаралық ұтқырлық мәселелері талқыланды, кездесуге қатысушылар өз ойларымен және іске асырылған жобалардың практикалық тәжірибесімен бөлісті, технологиялық және цифрлық шешімдерді талқылады, жобаға бағытталған тәсілдің ерекшеліктерін ашты, сондай-ақ екі университеттің де серіктестік қызметінің ықтимал бағыттарын анықтады.

 

Ғылыми тағылымдама қорытындысы бойынша қатысушыларға Istanbul University-де ғылыми тағылымдамадан өткені туралы сертификаттар табыс етілді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 




Кері оралу