қазақша · русский · english
 
 
 
17.12.2024

«Тифлопедагогика негіздері» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курстары өтті


2024 жылдың 11 қарашасы мен 14 желтоқсаны аралығында Жетісу облысының Білім басқармасы және «Дара» қорының сұранысы бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Тифлопедагогика негіздері» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курстары өтті (курс авторы: п.ғ.к., доцент Абаева Г.А., 144 сағ). Курсқа Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Жезқазған және еліміздің басқа облыстарынан арнайы педагогтар қатысты.

 

Қазіргі уақытта Қазақстанның білім беру ұйымдарында көру қабілеті бұзылған балалармен жұмыс істеу дағдылары жеткілікті мамандардың тапшылығы өткір сезіледі. Сондықтан, курс мазмұны көрмейтін және нашар көретін балаларға оқу-тәрбие және түзету-дамытушылық үдерісінде қолдау көрсетудің құзыреттілігін арттыруға бағытталған. Біліктілікті арттыру курсының тақырыптары көру қабілеті бұзылған балаларды оқытудың теориясы мен тәжірибесінің маңызды мәселелерін қамтыды. Олар: тифлопедагогикалық диагностика және көру қабілеті бұзылған балалар үшін стандартталған диагностикалық әдістерді бейімдеу;  арнайы  білім берудің мазмұнын жаңарту; көру қабілеті бұзылған оқушыны жалпы білім беру ортасына кіріктіру және қолжетімді жеке қолдау көрсету; Брайль жүйесі бойынша көрмейтін балаларды жазу мен оқуға үйрету әдістемесі;  тифлотехникалық және қосалқы оқу материалдарының баламалы түрлері; әмбебап оқу дизайны, топтық жұмыстың тиімді стратегиялары және т.б.

 

Біліктілікті арттырудың белсенділік сипатын қамтамасыз ететін оқытудың әртүрлі формалары мен әдістерін қолданды: дәріс, факультативті дәрістер, тренингтер, практикалық жұмыстар, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстел. Тәжірибелік-бағдарлы оқыту үшін тифлопедагог-оқытушылар Р.Шаканова, А.Әбдікерім, А.Дүйсебекова, М.Макарушко, А.Венгеловская шақырылды. Сонымен қатар зерттеушілер пс.ғ.к.- А.Ерсарина, Т.Вишневская, А.Кикбанова дәрістер оқыды. Тәжірибелік сабақтар мен тренингтердің бір бөлігі Алматы қаласындағы зағиптар мен нашар көретін оқушыларға арналған №4 арнайы мектепте және зағип және нашар көретін азаматтарға арналған Республикалық кітапханада өткізілді. 

 

Бұл курстың ұйымдастырылуы білім алуда ерекше қажеттіліктері бар, соның ішінде көру қабілеті бұзылған балаларды қолдауды жүзеге асырудағы маңызды шара болып табылады. Лекторлар ұсынған материалдың тереңдігі мен өзектілігі курс тыңдаушыларына арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы теориялық білімдері мен практикалық дағдыларын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу