қазақша · русский · english
 
 
 
30.10.2017

УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ ЕЛБАСЫНЫҢ ТАРИХИ БАСТАМАСЫН ҚОЛДАЙДЫ!

 

Сонау YIII ғасырда, «Бүкіл түркі халқы үшін қызыл қанымды жүгірттім, түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, төрт бұрыштағы халықтың бәрін бейбіт еттім: бастыны еңкейттім, тізеліні бүктірдім!» деген арқалы түркі бабаларымыз - келешек ұрпақтың алдында өз парыздарын орындап, келешекке Мәңгілік елдің арманын қалдырып, оған міндетті түрде жас ұрпақтың қол жеткізетініне иманындай сеніп тапсырып кетті.
Ұлттың арман-мұратының шымылдығы айқара ашылды, тәуелсіз ұрпақ өз бабалар салған даңғыл жолында өз Елбасын сайлап, тарихи стратегиялық жоспарларын бекітті. Өз ғылымына өзі ие болды. Ақиқатын тереңінен аршып қарайтын ғалымдар толқынын жасақтады. Қоғам болашағын ғылыми тұрғыда саралап, бағдарын айқындады. Міне, солардың бірі жақында ғана 28 қазанда Алматыдағы еліміздің ғылым шаңырағы Ғылым ордасында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» тақырыбындағы ғалымдардың алқалы жиыны еді.
Түркі әлеміне ортақ құндылықтарды сараптау мақсатында отандық ғылымның майталман-ардагерлері, ғылым докторлары Ш.Сарыбай, академик Ә.Қайдар және Р.Сыздықовалар қатысса, Абай атындағы университетіміздің оқу-әдістемелік ісі жөніндегі проректоры Кенжебаев Ғ.К., «Әлем тарихы» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Тулекова М.К., университеттік білімгерлерді қабылдау мен мамандар даярлауды бақылау орталығының директоры Шілдебай С. және ғылым институттарының басшылары, ЖОО-дың белді тарихшы ғалымдары өз пікірлерін ортаға салуға ат басын бұрды.
Ардагер ғалымдардың ширек ғылым тарихындағы ақтаңдақтары мен ғылыми бет бұрыстардың шешуші сәттерін еске алыса отырып, тәуелсіздік жылдарында бүгінгі қолға алынған латын әліпбиіне көшу әрекеттері, алғаш отандық ғалымдарымен 1992 жылы Түркияда келелі жиында айтылса, қазақ қоғамында 1994 жылдан бері ғылым мен БАҚ арнасында жиі көтеріліп, қоғам талқысына ұсыныла бастаған кезеңдеріне шолу жасап өтті.
Ә.Қайдар, ҚР ҚҒА Президенті М.Жұрынов, Халықаралық Түркі академиясының Президенті Д.Қыдырәлі тұщымды баяндамаларымен жиылған ғалымдардың алдына жарыссөз тақырыптарымен бөлісті. Университетіміздің ғалымдары, тіл институты мамандары, белгілі түріктанушылар мен қоғам қайраткерлері ортақ түркі әлеміне кіретін Қазақстан Республикасының латын әліпбиге көшу туралы салмақты бастамасын қолдап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келешекке бастаған даңғыл жолдағы төл әліпбидің уақытылы әрі өміршеңдігіне ғылыми көзқарастарын білдірді. Түркі әлемінде атажұрттың шаңырағын иеленген Қазақ елінің тарихы тереңдей алыстаса да, рухы мен арманын бір табан жақындастыратын осы әліпбиге үлкен толағай сенім артты.
Жиын соңына Халықаралық Түркі академиясының ұйытқысымен арнайы жасаған отандық ғылымға үлкен үлестерін қосқан ардагер-ғалымдарға Алтын төсбелгісімен марапаттады. Жиын соңы топпен естелік фотоға түсу дәстүрімен аяқталды.

 

 

 




Кері оралу