қазақша · русский · english
 
 
 
03.04.2024

Археозоологиялық және антропологиялық зерттеу әдістері туралы дәріс

 

Ғылым күніне орай ҚазҰПУ Тарих және құқық институтына қарасты «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы, археолог Ә.Д.Қасенованың жетекшілігімен А.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкерлері Абай университеті студенттеріне археозоологиялық және антропологиялық зерттеу әдістері бойынша ашық дәріс өткізді.

 

Ғылыми семинарда археозоология зертханасының меңгерушісі М.Шағырбаев институт зертханасының остеологиялық материалдарын көрнекі түрде көрсете отырып, жануарлардың сүйектерін зерттеудің заманауи әдістеріне тоқталды. Сондай-ақ, сүйектердегі модификация мен патологияның себептері, жануарлардың биологиялық сипаттамасын беру арқылы, ежелгі мал шаруашылығы мен аңшылықты тарихи реконструкциялау мәселесін түсіндірді.

 

Антрополог Р.Жанұзақ адам қаңқасының морфологиялық ерекшеліктері, ежелгі адам сүйектерінен түрлі биологиялық ақпараттарды алу әдістері, қаңқа элементтеріндегі патологиялық белгілер, бас сүйек деформациясы туралы кеңінен баяндады. Қазба барысында табылатын сүйек материалдарды зертханалық талдау арқылы ежелгі тұрғындардың антропологиялық бет-бейнесімен индивидуальды ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

 

Ғылыми семинар барысында Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының физикалық антропология және зооархеология зертханаларындағы эталон коллекциясынан көрме ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен дәріске Абай атындағы ҚазҰПУ-нің студенттері мен оқытушылары қатысты.

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу