қазақша · русский · english
 
 
 
11.02.2019

Тарихшы-ғалым ел есінде

 

2019 жылдың 9 ақпанында Алматыда қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жүнісбек Жұмабекұлы Жұмабеков 1975-1980 жылдар аралығында тұрған Абай даңғылындағы үйдің сыртына мемориалдық тақта ашылды.

 

Салтанатты шараға Алматы қаласы әкімшілігі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, ғалымның туыстары мен замандастары қатысты. Жиынды «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев жүргізді.

 

«Алматы қаласының әкімшілігіне ғылым және мәдениетет саласының көрнекті қайраткерлеріне мемориалдық тақта ашу туралы көптеген ұсыныстар түсіп жатады, - деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Данияр Алиев. - Биыл қала әкімшілігі 19 қоғам қайраткеріне ескерткіш тақта ашу туралы шешім қабылдады. Соның ішінде Жүнісбек Жұмабековтің орны ерекше».

 

Мемориалдық тақтаны ашу құрметі ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев пен ғалымның замандасы Пернебек Момыновке, қызы Дана Жүнісбекқызына берілді.

 

Ашылу салтанатында ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев былай деді: -«Жүнісбек Жұмабековтің бүгінгі таңдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1974-1980 жылдары ректоры болған кезінде осы оқу орнын дамытудаға қосқан үлесі ерекше.

 

Жүнісбек Жұмабеков өткен ғасырымыздың 70-80 жылдарында қазақстандық ғылым әлемінде аса танымал тұлға болуымен қатар жоғары оқу орындарының қызметін шебер ұйымдастырушысы да бола білді. Ректор болған жылдар университет тарихында түбегейлі өзгерістерге, білім берудегі сапалық көрсеткіштерге қол жеткізу жолындағы және студенттердің мәдени-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған іс-шаралардың қолға алынуымен ерекшеленеді. 90 - жылдан астам тарихы бар университет ұжымы профессор Жүнісбек Жұмабекұлы Жұмабековке арналған мемориалдық тақтаның ашылуымен құттықтайды».

 

Ғалымның замандастары және соңғы аспиранты пофессор Талас Омарбеков сөз сөйлеп, тәлімгерінің жоғары адамгершілік және ғалымдық қасиеттеріне тоқталды, «... Қазақстанның болашақтағы дамуына үлкен үлес қосқан талантты ғалым, қоғам қайраткері, шебер ұйымдастырушы Жүнісбек Жұмабековтің жарқын бейнесі халықтың есінде қалады және қазіргі жастар үшін үлгі болады».

 

Жүнісбек Жұмабековтің ұрпақтарына Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті атынан ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

  

 

 




Кері оралу