қазақша · русский · english
 
 
 
18.04.2024

«Өнерлі ұстаз-2024» жас музыка мұғалімдері арасында қалалық конкурс


2024 жылғы 16 сәуірде Абай университетінде Ғылым декадасы аясында және мектеп білім беру мекемелері арасындағы ынтымақтастық мақсатында Алматы қаласы бойынша жас музыка мұғалімдері арасында қалалық конкурс өтті. Конкурсқа Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Өнер, мәдениет және спорт институты «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен тығыз ынтымақтастықта Алматы қаласы Білім басқармасының білім берудегі технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы жетекшілік етті.

 

Конкурс мақсаты - әдістемелік даярлықты жетілдіру және жас музыка мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетін ашу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін қалалық конкурстың 1-ші іріктеу кезеңі Алматы қаласының сегіз ауданында өтті. Конкурсқа педагогикалық өтілі 5 жылдан аспайтын (Конкурс ережесі бойынша) 80-нен астам жас музыка мұғалімдері қатысты. Нәтижесінде іріктеу кезеңінің хаттамалары Білім басқармасының Жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығына ұсынылды.

 

Бірінші іріктеу кезеңінің жеңімпаздары (1 орын) Абай университетінің мәжіліс залында өткен қалалық конкурстың 2-ші кезеңіне жолдама алды. Конкурс бағдарламасы бойынша қатысушылар мектеп репертуарынан таңдау бойынша екі түрлі сипатты музыкалық шығарманың жеке вокалдық немесе аспаптық орындауын ұсынуы және қазіргі заманғы білім беру және сандық технологияларды пайдалана отырып, музыка сабағының қорғалуын таныстыруы тиіс еді.

 

Қазылар алқасының құрамына «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының ПОҚ және басқа да ұйымдардың өкілдері кірді. Атап айтқанда, конкурс төрағасы кафедра меңгерушісі Жанболат Көшербаев тағайындалған болатын. Конкурс қазылар алқасының жұмысына педагогика ғылымдарының кандидаттары, профессор м.а. Қамарсұлу Ібраева, Лаура Какимова, Светлана Балағазова, Білім басқармасының Жаңа технологиялар орталығының әдіскері Светлана Шапкина және №176 мектеп-гимназиясының музыка пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші, Алматы қаласы бойынша музыка пәні мұғалімдері қауымдастығының президенті, 3-сыныпқа арналған «Музыка» оқулығының тең авторы, 4-сыныпқа арналған «Музыка» пәні бойынша әдістемелік құралдың тең авторы - Жеңіскүл Маханбетова белсенді атсалысты.

 

Қалалық конкурстың қатысушыларды бағалау жүйесі 100 балдық бағалау жүйесі бойынша өткізілді, онда қорытынды баға қазылар алқасының барлық мүшелері қойған балдардың көрсеткішімен айқындалды. Конкурс қорытындысы бойынша: Бас жүлдені Наурызбай ауданының № 206 мектеп-гимназиясының музыка мұғалімі Мағжан Тілеубеков жеңіп алды. 1 орын Түрксіб ауданының № 162 мектеп-гимназиясының музыка мұғалімі Әлімжан Әділжанға берілді. Конкурста Әуезов ауданының № 97 орта мектебінің музыка мұғалімі Жандос Асқаров және Бостандық ауданының № 65 орта мектебінің мұғалімі Қоштай Талшын 2 орынды бөліп алды. 3 үшінші орынды № 58 ЖББМ Батырбекова Ұлпан, № 177 ЖББМ Тыныбекова Әсемай, № 19 ЖББМ Аманбеков Нұржігіт иеленді.

 

Конкурстың салтанатты ашылуы мен өткізілуі жас қатысушыларға шығармашылық бағыт пен қолдау көрсету атмосферасында өтті. Қазылар алқасының дауыс беруі арасындағы үзілісте «6В01402-Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының 2, 3 және 4 курс студенттері қатысушыларға өздерінің шығармашылық және орындаушылық дағдыларын көрсете отырып, концерт көрсетті. Жоғары курстардың студенттік хоры мен «А-Blues Band» ансамблінің бағдарламасында (магистр, кафедраның оқытушысы Нұржан Қасымов жетекшілігімен) отандық және шетелдік композиторлардың шығармалары орындалды: көп дауысты хорға өңдеген Ғалымжан Берекешевтің Молдабайдың әні «Молдабай» , «The Lion Sleeps Tonight PMQ» және «Mamaliye Sing Africa, sing» Music: Zulu-Traditional Arrangement and additional music: Marcus Detterbeck. Сондай-ақ, «A-Blues Band» ансамблінің орындауында «Dua Lipa levitating featuring dababy», Ермек Серкебаевтың «Сүйем мен» және «Дос-Мұқасан» репертуарынан «Қайдасын?» шығармалары орындалды.

 

Студенттерді жеке және ансамбльдік орындауда танымал ету, ынталандыру және орындаушылық, шығармашылық қызметке тарту үшін халық композиторларының күйлері мен қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармалары да орындалды. Көрермендер домбыраға арналған Н.Тілендиевтің «Аққу» күйді 3 курс студенті Мұстафа Құрманның; Қазыбек Курайыстың әні «Көркемім» 3 курс студенті СанжарӘлімжанның; С.Мұхамеджановтың А.Садықбектің сөзіне жазылған «Қырманға кел» әнін 2 курс студенттердің триосы Дамир Сарман, Әбіш Тынышбай, Ақжол Мүслім; композитор Шынберген Сүлейменовтың «Сүйкімді» әнін 2 курс студенті Ерасыл Мүслімнің орындауында тыңдады.

 

Жас музыка мұғалімдері арасында «Өнерлі ұстаз-2024» қалалық конкурсы керемет әсер қалдырып, әдемі және салтанатты өтті. Конкурс жеңімпаздарын құттықтаймыз және оларға табыс тілейміз!

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  




Кері оралу