қазақша · русский · english
 
 
 
13.11.2025

ҚЫРҒЫЗСТАН ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ПЕТРОГЛИФТЕРІН ЗЕРТТЕУ ЖӨНІНДЕ ҒЫЛЫМИ КОМАНДИРОВКА

 

2025 жылғы 11-13 қараша аралығында Қырғызстан Республикасының Чүй облысындағы Ашуу шатқалында, Бішкек қаласындағы «Айгине» мәдени-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Орта Азияның петроглифтері» атты ғылыми семинар өтті.


Ғылыми семинардың мақсаты - материалдық емес мәдени мұра болып табылатын петроглифтерді зерттеу, тану және сақтау саласында ғылыми тәжірибе алмасу. Семинарға Орталық Азия елдерінің (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан) ғалымдары, археологтары, өнертанушылары мен зерттеушілері қатысты.


Семинар барысында АР23488786 «Артбілім беру жүйесін трансдисциплинарлық зерттеу: мәдени жады мен ұлттық құндылықтар феномені заманауи контентте» ғылыми жобасының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор м.а. Лаура Какимова «Петроглифтердің музыкалық мәдениеттегі орны: қазақ халқының мәдени жадындағы көрінісі» тақырыбында баяндама жасады.


Баяндамада петроглифтерді музыкалық өнер тұрғысынан қарастыра отырып, олардың мәдени жадты сақтаудағы рөлі трансдисциплинарлық тәсіл арқылы талданды. Спикердің сөзі қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырып, қазақ халқының дәстүрлі және заманауи мәдени кодтарын зерттеу мен сақтаудың өзектілігін айқындады.


«Айгине» мәдени-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен үш күндік ғылыми семинар мазмұнға бай, мазмұнды талқылауларға толы іс-шара болды.


Бірінші күні төрт секцияның отырысы өтті. Онда петроглифтерді түсіндіру мен ғылыми тұрғыдан пайымдау мәселелері қаралды:
- «Петроглифтер мен Орталық Азия халықтарының қазіргі мәдениеттері арасында байланыс бар ма?»;
- «Қазіргі археология петроглифтерді түсіндіруде қандай білім жүйесіне сүйенеді?»;
- «Дәстүр иелерінің қатысуынсыз петроглифтердің мағынасын қалпына келтіруге бола ма?»;
- Петроглифтерді түсіндіру мен сақтау ісінде жергілікті қауымдастықтардың рөлі қандай?». Сондай-ақ «Петроглифтерді зерттеудегі интерпретация мен проекция ұғымдары» тақырыбында панельдік пікірталас ұйымдастырылды.


Екінші күні қатысушылар бірнеше жұмыс тобына бөлініп, келесі тақырыптарды талқылады:
- «Петроглиф - тірі тілдесуші»
- «Интерпретация мен проекция арасы»
- «Петроглифтерге жауапты қарым-қатынастың қағидаттарын қалыптастыру».

Пікірталастарда петроглифтерді қорғаудың құқықтық тетіктері мен табысты тәжірибелері, сондай-ақ олардың қасиетті маңызын кеңінен насихаттау қажеттілігі көтерілді.


Үшінші күні жобалық жұмыстар жүргізіліп, петроглифтерге жауапты көзқарас қағидаттары пысықталып, шығармашылық пен петроглифтер арасындағы байланысқа терең рефлексия жасалды.


Семинар соңында қорытындылар жасалып, болашақ зерттеу бағыттары айқындалды. Петроглифтер адамзаттың мәдени жадындағы бірегей әрі киелі құбылыс ретінде қарастырылды. Қатысушылар бұл мұраның тек тарихи-мәдени ғана емес, сонымен қатар рухани-символдық маңызға ие екенін, ежелгі қоғамдардың дүниетанымы мен көркемдік санасын бейнелейтінін ерекше атап өтті. Петроглифтерді жүйелі ғылыми зерттеу, оларды тереңінен түсіндіру және сақтау - мәдени бірегейлікті нығайтуға, сондай-ақ бай рухани және көркем мұраны келешек ұрпаққа аманаттауға бағытталған стратегиялық маңызы бар міндет болып табылады.

 

 

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 




Кері оралу