Main
News
12.04.2011 Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған шаралар жоғары оқу орындарында да ұйымдастырылуда. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті филология факультетінің студенттері жуырда көрермендерге қуаныш сыйлады. Олар Уильям Шекспирдің «Король Лир» спектаклін сахналады. Ағылшын тілі кафедрасының доценті Бибігүл Кисикованың ұйымдастыруымен 1,2,3,4 курстардың студенттері қатысқан бұл спектакль классикалық шығарма. Онша-мұнша театрлардың режиссерларының да, артистерінің де тісі бата бермейтін қойылым таза ағылшын тілінде «сайрады». Бұл спектакль студенттердің ой-өрісі мен тілді меңгеру деңгейіне, тарихи білімді және актерлік шеберлікті қаншалықты игергендеріне өзіндік сынақ болғандай. Әрбір актер-студент өз ролін тәп-тәуір ойнап шықты. Оған зал толы көрермендер мен арнайы шақырылған мәртебелі қонақтардың дүркін-дүркін қол соғып отырғаны дәлел бола алады. Спектакль соңында бәрі хормен «Old Lang Syne» атты ағылшын әнін шырқады. Бұл достықты, ізгілікті, бірлік пен татулықты жырлайтын ән. Спектакль біткен соң филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы сөз сөйлеп, студенттердің классикалық шығармаға жүрексінбей барып, ағылшынның әдеби тілін терең меңгергендері әрі актерлік шеберлікті игеруге талпыныс танытқандары үшін және қойылымды әзірлеген доцент Б.Кисиковаға алғыс айтты. |