Main /
Mass media about us
27.05.2020 Әл-Фараби мұрасы және Көбесов зерттеулері
Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы елімізде ғана емес, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтпек. Ал жылдан жылға әл-Фарабидің ғылыми мұраларын оқулықтарға, оқу үдерісіне енгізу, білім алушыларды ұлы баба өнегесінде оқыту және тәрбиелеу мәселесінің өзектілігі артып келеді. Бұдан 40-50 жыл бұрын бүкіл мұсылман шығысында жас ұрпаққа әл-Фараби мұраларын оқыту туралы тұңғыш рет ой қозғап, ғұламаның ұлы ойшыл-философ, математик, жаратылыстанушы, музыкатанушы, педагог ретіндегі еңбектерін зерттеуге, жарыққа шығаруға және насихаттауға өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Ауданбек Көбесов туралы сөз қозғау парызымыз деп ойлаймын.
Біздің университетте 2018 жылы «Әл-Фараби білім беру орталығы» ашылды. Оның мақсаты - әл-Фараби мұраларын заманауи білім беруге енгізудің ғылыми әдістемелік негіздерін жасау және жас ұрпақты әл-Фараби еңбектерімен оқытып тәрбиелеу.
Біздің осындай зерттеулеріміз бен жетістіктерімізге мұрындық болған аяулы ұстазымыз, педагогика ғылымдарының докторы, мұсылман шығысы ғылымының тарихы мен педагогикасы бойынша көрнекті ғалым, профессор Ауданбек Көбесовтің Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми еңбектеріне қатысты сүбелі зерттеулері еді.
А.Көбесов көп жылдар бойы ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеді.Ол 60-жылдары құрылған әл-Фараби мұраларын зерттеу тобының құрамында отандық фарабистиканың негізін қалаушылардың бірі болды.
Әл-Фараби ғылым тарихында негізінен философ және музыка теориясын жасаушы ретінде белгілі болса, А.Көбесовтің зерттеулері ұлы жерлесіміздің математик, жаратылыстану ғылымдарының зерттеушісі ретіндегі шынайы бейнесін қалпына келтіруге шешуші үлес қосты.
Ауданбек Көбесов 1932 жылдың 13 ақпанында Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті Жамбыл қаласында 1948 жылы күміс медальға аяқтап, 1952 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін математика мамандығы бойынша үздік бітірген.
Институттан кейін Талас ауданында оқытушы, мектеп директоры қызметтерін атқарып, 1959 жылы КазПИ-ге оқытушылық қызметке шақырылды.
1960 жылы Москваға, КСРО Ғылым Академиясына, «Араб математикасының тарихы» мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, 1963 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын алды.
1963 - 1967 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-дің «Жоғарғы алгебра және сандар теориясы» кафедрасында аға оқытушы, доцент болды.
А.Көбесов 1968 - 1977 жылдары Қазақ КСР Ғылым Академиясында әл-Фараби мұрасын зерттеген топта аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, ғалым-энциклопедист әл-Фарабидің шығармаларын тәржімалауда, өңдеуде және зерттеуде үлкен еңбектер атқарды. Осы кездерде, яғни 1971 жылы, ғалым Москвада ХІІІ ғылым мен техника тарихы халықаралық конгресінде «Әл-Фарабидің ғылымның дамуындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады.
А.Көбесов 1977 жылдан өмірінің соңына (2008 жылға) дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеп, 1977 - 1986 жылдар аралығында «Математиканы оқытудың әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды. 1990 жылы Ташкент қаласында әл-Фарабидің ғылыми-педагогикалық мұрасы бойынша докторлық диссертация қорғады.
Әл-Фарабидің бай ғылыми мұраларын зерттеуде ғалым А.Көбесов 200-ден астам ғылыми, ғылыми-танымдық еңбектер жариялады және араб тілінен көптеген аударма жасады. Олардың ішінде кеңінен танымал «Әл-Фараби», «Әл-Фарабидің математикалық мұраcы», «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» сияқты еңбектері, араб тіліндегі математикалық трактаттарының аудармалары, «Алмагестке» түсініктемесі» және көптеген монографиясы мен кітабы бар.
А.Көбесовтің «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» атты монографиясы ғұлама бабамыздың ойшыл-математик ретіндегі тұлғасын жан-жақты ашып берді. Бұл еңбекте әл-Фарабидің геометрия, тригонометрия, арифметика, алгебра және олардың астрономия мен музыкада қолданылуы, сондай-ақ ықтималдықтар туралы ілім, т.с.с. мәселелер қарастырылған. А.Көбесов әл-Фарабидің бұл еңбектерін өзге ғалымдардың жетістіктерімен тығыз байланыста қарастырған.
Жұртшылыққа, әсіресе математиктер қауымына осы «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» монографиясы кеңінен мәлім. Бұл еңбек шетел әл-Фараби зерттеушілерінің жоғары бағасын алған және ол әл-Фарабидің математикалық еңбектері жан-жақты, жүйелі түрде терең зерттелген бірден бір еңбек ретінде аса зор маңызға ие.
Оның маңыздылығы бүгінгі күнде одан әрі артпаса, кеміген жоқ. А.Көбесовтің осы «әл-Фарабидің математикалық мұрасы» атты еңбегі, оның ғылыми редакторлығымен шыққан әл-Фарабидің «Математикалық трактаттар» кітабының шетелде, яғни Американың Мичиган университетінің кітапханасында цифрланған көшірмесі жасалынып, осы университеттің электронды қорында сақталуы, бұған қоса, «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» еңбегінің Калифорния университетінің кітапханасында тұруы көп нәрсені аңғартса керек.
Атап айтар болсақ, Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің профессоры Гарри Дж.Ти «Араб ғылымының тарихы» журналында жариялаған мақаласында былай деп жазған: «А.Көбесовтің монографиясы әл-Фарабидің математикалық еңбектеріне шолу жасалынған алғашқы кітап және әл-Фарабидің математикасына қызығушылық танытқандар үшін өте маңызды... Көбесовтің кітабы әл-Фараби математикалық еңбектерінің керемет дәйектілігі мен тереңдігін және оның көптеген кейінгі авторларға күшті әсерін көрсетуімен құнды. Ол әл-Фарабидің шығармаларын зерттейтіндердің барлығына да пайдалы».
Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.А.Розенфельд өзінің бұл кітапқа кезінде берген пікірінде: «А.Көбесовтің бұл монографиясы әл-Фарабидің ғылыми шығармашылығының осыған дейін белгісіз тағы бір қырын ашып көрсетті және әлемдік ауқымда аталып отырған ұлы ойшылдың 1100-жылдығына лайықты ескерткіш болып табылады», деп атап айтқан еді.
А.Көбесовтің фарабитануға қосқан маңызды үлестерінің бірі, ғылым тарихында алғаш рет әл-Фарабиді ортағасырлық Шығыстың көрнекті астрономы ретінде көрсеткен «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» монографиясы болып табылады. Аталған кітап авторы «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын араб тілінен аударды, әл-Фарабидің бұл ірі шығармасының мазмұнын және басқа да еңбектерін зерттей отыра, әл-Фарабиді астрономияның теориясы мен тәжірибесіне қосқан үлесін көрсетіп жаңа қырынан танытты.
А.Көбесов өзінің тарихи-астрономиялық зерттеулерінде Шығыстың екі ғұламасының әл-Фараби мен Ұлықбек арасында өзара сабақтастық байланыстың бар екенін ашты.
Әл-Фарабидің физика-философиялық көзқарастарын зерттей отырып, А.Көбесов онда табиғатты зерттеудің эксперименталды-теориялық әдісінің бар екенін айқындады.
А.Көбесовтің айтуынша,әл-Фарабидің медицина, биология ғылымдарымен шұғылданғаны мәлім болып отыр. Ол, әсіресе бұл ғылымдардың теориялық мәселелеріне көп мән берген, бұл жөнінде «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы», «Темпераменттер туралы», т.б. еңбектер жазған. Олардың басым көпшілігі әлі аударылмай, зерттелмей жатыр.
Фарабидің кейінгі кезге дейін белгісіз болып келген осындай бір медициналық трактатының толық аты «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшақтығы туралы Галенге қарсы жазылған трактат» деп аталады. Гален атақты Гиппократтан кейінгі ерте дүние медицинасындағы үлкен ғалым, дәрігер және орта ғасырлар заманында өте үлкен, талассыз беделге ие болған тұлға.
Ал Аристотель болса, жалпы ғылымның, соның ішінде медицина мен жаратылыстану ғылымдарының да алыбы болғаны мәлім. Фараби ескі дүние медицинасының екі өкілі жайлы трактат жазып, олардың ұстаған ғылыми қағидаттары мен әдістерін саралап, араларын ашып берген, төрелік айтқан.
Бұл Фарабидің медицина, биологиядағы еңбектерінің бағалылығын көрсетеді. Атақты ғалым, дәрігер ибн Сина өзінің әйгілі медициналық жүйесін жасағанда Фарабидің теориялық кағидаттары мен нұсқауларына сүйенген.
Ұлы ұстаздың география ғылымына жетік болғанын көрсетететін деректер де баршылық деп жазады А.Көбесов. Оның кезінде география мәселелері астрономиялық мағлұматтармен тығыз байланыста қарастырылған.
Фарабидің алхимия, химия туралы дұрыс көзқарасы, қағидасы кейінгі ғасырлардың Ибн Сина, Омар Хайям, Леанордо да Винчи және тағы басқа алдыңғы қатарлы оқымыстылары тарапынан қолдау тапқан деп тұжырымдайды А.Көбесов өз зерттеулерінде.
А.Көбесовтің білім беруде жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдарының өзара сабақтастығына көңіл аударуы Фарабидің «Ғылымдар энциклопедиясындағы» ойларынан туғанын түсінуге болады.
Бүкіл өмірін әл-Фарабидің мұрасын зерттеуге арнаған А. Көбесов кейінгі жылдары ауқымды «Әл-Фарабидің жаратылыстану-математикалық мұрасы» (1997) және «Әл-Фарабидің ашылмаған әлемі» (2002) атты кітаптарын жариялады.
А.Көбесовтің терең зерттеулеріне дейін Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасын жан-жақты талдап, ашып көрсеткен еңбек болмады. Оның «Фарабидің педагогикалық мұрасы» атты докторлық диссертациясы мен басқа да еңбектері мен аудармалары ұлы ғалымның педагогикалық көзқарастарын, әрекеттерін толық, ғылыми әдіснамалық тұрғысынан ашып берді.
Әл-Фараби педагогика саласындағы аса үлкен тұлға болған, ол өзінің трактаттарының басым көпшілігін халықты, әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеп білімдар ету, ағарту мақсатына арнаған. Оған «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жолдары», «Философияны оқып-үйрену үшін алдын ала не білу қажеттігі туралы», «Философиялық сауалдар және оған жауаптар» және басқа трактаттар жатады.
Фарабидің педагогикалық жүйесін А.Көбесов былай мазмұндайды: «Әуелі Фараби педагогика ғылымының пәні мен мақсаттары туралы, екінші, ғұламаның жалпы педагогикалық идеялары, тәрбиенің мазмұны, түрлері мен әдістері туралы көзқарастары; үшінші, Фараби еңбектеріндегі дидактика проблемалары; төртінші, Фарабидің педагогикалық идеяларының оның математикалық және жаратылыстану ғылыми еңбектерінде қолданылуы және жүзеге асырылуы; бесінші, Фарабидің педагогикалық көзқарастарының кейінгі ғасырлардағы Шығыс, Батыс педагогикасына тигізген әсер-ықпалы».
Фарабидің еңбектерінде оқыту мен тәрбие тығыз байланыста болғанымен, олардың әрқайсысына ғана тән ерекшеліктері ажыратылып көрсетіледі. Мысалы, Фараби жастарды тәрбиелеуде бірінші орынға шынайы бақытқа жетуге кепіл болатын мінез-құлық тәрбиесін қояды. Кең мағынада алғанда ғұлама бұл тәрбие ауқымына еңбек, эстетика, дене, гуманистік, патриоттық және тағы басқа тәрбиелер түрлерін енгізіп қарастырған сияқты.
Ғұламаның ғылыми-педагогикалық шығармаларында әдемілік, әсемдік пен үйлесімдік, гармония сезімдерін тәрбиелеуге ерекше мән берілген.
Педагогиканың мақсаты, мұраты туралы Фараби ұсынған адамгершілік (гуманистік) идеялар мен қорытындылар адам өмірінің қазіргі кезеңінде де ағартушылықтың маңызды тіректерінің бірі болып отыр.
Бір қызық жайт, ұлы бабадан мың жыл өткізіп барып данышпан Абай дәл осындай гуманистік ұлы қағиданы жаңғыртып, қайталап, қуаттай түсетінін А.Көбесов «Әл Фараби мен Абайды қатар оқығанда» атты өз еңбегінде ықыласпен атап өтеді. Одан әрі, «Ғұламаның ізгі адамдарға лайық асыл қасиеттерді бұлайша мұқият сынап, тәптіштеп талдауы Абайдың өлең-шығармаларындағы адамгершілікке, келісті кемеңгерлікке тән және оған жат керағар қарсы мінез-құлықтарды тізбектеген тұстарды еріксіз еске түсіреді. Бір топырақтан, ел-жұрттан тараған екі данышпанның педагогикалық идеялары мен түйгендерінің астасып, ұқсап жатқанына тағыда куә боламыз», дейді ғалым-педагог А.Көбесов.
Ғұламаның педагогикалық жүйесінде салмақты орын дидактикаға берілген. Фараби жазған «Ғылымдар энциклопедиясы» еңбегі педагогика тарихында ғылыми-дидактикалық шығармалардың алғашқыларының бірі болып табылады, өйткені. А.Көбесовтің айтуынша, бұл трактат Шығыс пен Батыс елдерінде ұзақ уақыт барлық ғылым бастамалары жөнінен негізгі бағдарламалық жетекші құрал болған.
А.Көбесов әл-Фарабидің педагогикалық мұрасының ірі зерттеушісі бола отыра, әл-Фарабидің белгілі еңбектері мен оның ғылыми мұрасы бойынша жарияланған зерттеулері негізінде ойшылдың ұлы әдіснамашы және әдіскер болғанын жаңа қырынан көрсетті. Сонымен қатар, әл-Фарабидің «Музыканың ұлы кітабы», «Алмагеске» түсініктеме», «Ғылымның пайда болуы туралы» және т.б. көптеген шығармасы алғаш рет тарихи-педагогикалық тұрғыдан зерттелген деуге негіз бар. Ол әл-Фараби педагогикасының философиялық және әлеуметтік-этикалық алғы шарттарын, жалпы педагогикалық ойларын, дидактика мәселелерін қолданып, жүзеге асыруды зерттеді. Әл-Фарабидің басты жетістіктерін айқындай отырып, оның мұсылман мемлекеттері мен ортағасырлық Еуропа ғалымдарының педагогикалық ойларының қалыптасуына және дамуына әл-Фарабидің педагогикалық шығармашылығының әсері туралы мәселелерді қарастырған.
Фарабидің бүкіл педагогикалық жүйесін ашып беру оңай нәрсе емес екенін, ол туралы арнайы зерттеулер жүргізіліп, кітаптар жазылуға тиіс деген ойларға меңзейді өз зерттеулерінде педагог-ғалым А.Көбесов.
А.Көбесовтің ғылыми-әдістемелік шығармашылығында жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған әл-Фараби шығармашылығы бойынша оқулық және оқу құралдарын жазып, солар бойынша көп жылдар бойы университет студенттері үшін дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізу үлкен орын алады. Оның үстіне, ол көрнекі ғалым ретінде әл-Фарабидің өзі туралы және оның ғылыми шығармашылығы мен ғұлама жайлы біліми мағлұматтарды халық ортасына кеңінен таратты.
Ғалым-педагог Ауданбек Көбесовтің шығармашылық жолы мен ғылыми зертеулері оның ғұлама ғалым әл-Фарабидің ойшыл-математик, жарытылыстанушы, педагог екендігінің шынайы бейнесін қалпына келтіруші, өз шыңының биігіндегі ғалым екенін білдіреді.
Әл-Фараби бабамыздың белгілі ғалым А.Көбесов тірнектеп жинап жүйелеген математикалық мұрасын жас буынды математикалық ғылым-білімге баулу мақсатында насихаттау құралдарының жасалуы, қазіргі оқыту мазмұнына оны инновация ретінде ендіру мүмкіндіктері, әдістері мен технологиялары бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер енді-енді ғана жүргізіле бастады.
А.Көбесов өзінің «Ғылымда даңғыл жол жоқ» атты соңғы кітабында «Оқу - әдістемелік жағынан алғанда әл-Фарабидің геометриялық трактаты маңызын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Қазіргі педагогика ғылымы талап дәрежесіне сай біраз өңделсе, толықтырылса, бұл еңбек орта мектеп және жоғары оқу орындарының оқушылары үшін салу есептері жөнінде аса пайдалы құрал болары сөзсіз», деп жазған еді.
Оның бұл тілегі өзі білім алған қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шешімін тауып жатыр. Бұл игілікті істі университетіміздің информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының меңгерушісі профессор Е.Ы.Бидайбеков бастаған ғалымдар тобы «Әл-Фарабидің математикалық мұралары - заманауи білім беру жағдайында» атты ғылыми жоба ауқымында іске асыруда. Жобада әл-Фарабидің математикалық мұрасын, геометриялық салу есептерін ғана емес, тригонометрия, арифметика мен музыка теориясын мектеп математикасының мазмұнымен сабақтастыра, заманауи ақпараттық технологияларды тиімді қолдана отырып, оларды білім беру жүйесінде оқытудың жолдары зерттеліп іске асырылуда. А.Көбесов негізін салған жүйелі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, педагогикалық мамандық студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің 1 оқу құралы тәржімаланып құрастырылды, 3 оқу-әдістемелік құрал шығарылып, 1 авторлық куәлік алынды, көптеген мақалалар жарық көрді. Оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жүлделі орындарға ие болып, бір докторлық диссертация қорғалды.
Университеттегі Әл-Фараби білім беру орталығы ғұлама бабамыздың мұрасын дәріптеп қана қоймай, оны заманауи білім беру жүйесіне енгізудің ғылыми әдістемелік негіздерін жасау және жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері бойынша оқытып тәрбиелеу мәселесін бірінші кезекке қойып отыр. Әл-Фарабидің математикалық мұрасы бойынша ақпараттық цифрландыру технологиялары негізінде жұмыстар басталып та кетті.
Бұл жетістіктер әл-Фарабидің еңбектерін толық қамтиды деп айта алмаймыз және ғалымның сан қырлы мұраларын заманауи білім беруде өз орнын табатындай дәрежеде зерттеу қажет екенін айта кеткеніміз жөн.
«Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мұраларын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану мақсатында, жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері бойынша оқытып, тәрбиелеу мәселесі білім беру жүйесінде қолға алынып жатса, еңбегіміздің өтелгені.
Авторы: Такир Балықбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор 27.05.2020 ж.
|