қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
22.06.2020

Абай-175: Данышпанның терең тағылымы

 


 

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай елімізде ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты іс - шараларды өткізу жұмысы қолға алынғаны баршамызға аян. «Біз Абайдың 175 жылдық мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз.


Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз - бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін. Абай сыны - ауыр сын, сындарлы сын» - деп жазды өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Тек мемлекет аясында ғана емес, әлемдік деңгейдегі өткізіліп жатқан рухани іс - шаралардың басты мақсаты - ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттау.

 

Облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығы мен Алматы экономикалық колледжі бірлескен түрде «Абай әлемі» тақырыбындағы облыстық интернет-конференцияны ұйымдастырған болатын. Негізгі мақсат - әлем таныған ұлы Абайдың шығармашылығының мазұнын зерттеу және Абай мұрасы арқылы жас буынды тәрбиелеу мен оқыту мәселелері жөнінде педагогтар арасында өзара тәжірибе алмасуға бағытталды. Жүздесу арнайы ережеде белгіленген төмендегі бағыттар бойынша жүргізілді. Бірінші - Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан. Проблемалық аясы: Абай Құнанбайұлы ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы. (ақын, ғұлама, ойшыл, ағартушы, аудармашы, композитор, шығармаларындағы ұлт болмысы,бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, діні, ділі).

 

Екінші - Абаймен келген мәдениет. Проблемалық аясы: Ұлы ақынның әлемдік мәдениетке араласуы. (қазақ халқының тұрмысы, тіршілігі) Күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлауы. Үшінші: Абайды тану - адамның өзін-өзі тануы. Проблемалық аясы: Абай шығармаларының психологиялық ерекшеліктері, ұлт болмысы, бітімі, мінезі, жаны, рухы арқылы өзін-өзі тануы. Төртінші - Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Проблемалық аясы: Абай мұрасы арқылы жастарды тәрбиелеу.

 

Жиналғандарға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мекемелерінің педагогтары, оқу-әдістемелік орталығының әдіскерлері қатысты. «Абай әлемі» интернет конференциясын Алматы экономикалық колледжінің директоры, т.ғ.д., профессор Қасымбек Жақсыбай Нұрлыбайұлы конференцияның ашылуымен қонақтар мен қатысушыларды үлы ақынның мерейтойымен құттықтап, интернет конференцияның негізгі мақсатымен таныстырды және конференцияға қатысушылар мен қонақтарға сәттілік тіледі. Құрметті қонақ ретінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті «Абайтану» ғылыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Қартаева Айжан Маратбекқызы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімнің меңгерушісі, профессор Қорабай Серікқазы Сыбанбайұлы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бекбосынов Марат Нұрғазыұлы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті Қожағұлов Сайлау Қожағұлұлы қатысып, өздерінің ұлы Абай мұрасы туралы зерттеген ғылыми еңбектерімен таныстырды.

 

Онлайн кездесуде алғашқы баяндама жасаған ф.ғ.д. А.Қартаева өз сөзінде дәл қазіргі уақытта рухты ұрпақтың тәрбиеленуі үшін, Абай мұрасын оқытудың ерекшелігінің маңыздылығын баса айтты. Мектеп қабырғасында, колледж және университеттерде оқытудың жаңа технологиясына сай әзірленген бағдарламалар бойынша Абай шығармаларын тереңдете оқытудың жаңа әдістемесі туралы қысқаша баяндап, соңғы жылдарда жарық көрген әдістемелік оқулықтардың жаңа нұсқаларымен таныстырды. Ал «Абай - қазақ әдебиетінің ренессансы» деген тақырып бойынша баяндама жасаған профессор С.Қорабай: «Абай - мәңгілік тақырып. Абай ілімі біздің ұлттық рухани - мәдени кодымыз. 1995 жылы ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойында бүкіл әлем бойынша ЮНЕСКО көлемінде тойлаған кезде Ұлттық ғылыми Академияның ғылыми сессиясы өтті. Осы алқалы жиында заманымыздың ұлы жазушысы Ш.Айтматов өз сөзінде Абайдың дүниежүзілік өркениеттің рухани қазынасы екенін атап өткен болатын. Ұлы жазушының осы сөзі дәлел болғандай, Абайды әлемдік өркениеттің рухани ренессансы деп айта аламыз. Оның сипаттарын ақынның адамға көңіл бөлуінен, адам бойындағы қасиеттерді дәріптеуінен, жалпы адамды бүкіл тіршілік атаулының иесі деп ұғынуынан аңғаруға болады» - деп ұлы ақынның адамзаттың бойындағы қасиеттерге ерекше көңіл бөліп, оны өзінің туындыларына арқау еткен ақындық ерекшелігі туралы әсерлі жеткізді.

 

Бұдан соң сөз алған ф.ғ.к., доцент М.Бекбосынов конференцияға қатысушыларды ақынның мерейтойымен құттықтап, үш бөлімнен тұратын баяндамасының мақсатымен қысқаша таныстырып өтті. Абайдың әйгілі Қарасөздерінің философиялық мазмұнын ашып, мән - мағынасына терең бойлай білген ғалымның баяндамасындағы: «Жалпы Абайдың артында қалған мұрасын академик С.Қирабаевтың еңбегіне сүйене отырып айтсақ, ақынның 180 өлеңі, оның ішінде ақынның төл өлеңінің 172 -сі бұрыннан белгілі, яғни 1995 жылға дейінгі болса, одан бергісін атақты абайтанушы Қайым Мұхамедханов енгізген. Ол өлеңдердің саны сегіз еді. Қайым ақсақал сол сегіз өлеңді тапқанын жариялап, 1992 жылы «Абайдың сегіз өлеңі» деген мақаласында жариялайды. Ал Абайдың аудармасына келсек, оның саны 51 болған. Олардан бөлек, Абайдың қырық бес қарасөзі мен «қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген ғылыми еңбегі сол мақалада жинақталған. Ал Абайдың қарасөздерінің жинақталуына тереңірек үңілсек, қырық бес қарасөздің ішіндегі отыз сегізінші қара сөзі туралы анықтап айта кетер болсам, осы қарасөздің жариялануы жөнінен қысқаша мәлімет берейін. Жалпы Абай қарасөздері, оның ішінде мен айтып отырған отыз сегізінші қарасөзі ең алғаш рет 1916 жылы Самат Әбішевтің «Абай термесі» деп аталатын әдеби жинағында жарыққа шыққан. Ал М.Әуезов 1924 -1925 жылдары «Таң» деген журналда Абайдың екі-үш қарасөзін жариялады. 1933 жылы М.Әуезов пен І.Жансүгіров Қызылордада Абайдың тұңғыш Академиялық жинағын шығарған кезінде қарасөздердің барлығы толықтай сол жинаққа енгізілді. Қарасөздердің өзі түрлі аттармен шыққан. Мысалы кей жинақтарда қарасөздер «Насихат» деген атпен шыққан» - деп өте құнды ғылыми деректерін ортаға салды. Сонымен қатар, сол Абай мұрасының қазіргі таңда шәкірттерге қалай таратылып, қалай оқытылып жүргенін және болашақта қалай оқытылуы керектігі туралы әдістемелік пікірін де атап өтті.

 

Бұл орайда: «Абайдың қарасөздерін оқытуда оқушыларға шығарманың мазмұнын түсінікті етіп жеткізілуі керек. Оның ішіндегі діни, пәлсапалық және басқа да мәндегі сөздерінің терең мағынасын түсінікті етіп түсіндіру маңызды. Ал менің міндетім, 1995 жылдағы Академиялық жинақта Абай мұрасы қалай басылды, тура сол негізде оны аудару болатын. Бірақ оқушыға Абай мұрасын оқытуда оның жүрегіне жақын, мағыналық жағынан түсінікті болуына көп көңіл бөлінуі керек» - деді М. Бекбосынов. Конференцияға қатысушы тағы бір қонақ І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің доценті С.Қожағұлов «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деп аталатын баяндамасы: «Абайдың бүкіл шығармасындағы адамға қатысты барлық қасиеттер толық айтылады. Адам бойындағы кемшін мінездер сыналады, ал сынау түзеудің ең бірінші басты құралы» - деп басталып, ары қарай ақынның шығармаларындағы жақсылы - жаманды адам бойындағы қасиеттердің сыналуы мен оны қалай түзету жөніндегі ғылыми көзқарасы нақты ақын өлеңдерін мысалға келтіре отырып өрбіткен талдауы конференцияға қатысушыларға терең ой тастады.

 

«Әлемге қазақтың ұлылығын танытқан «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы» деп келтірген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Абай Құнабайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл конференциядағы адамзат алыбының рухани мұрасының насихатталуына бағытталған маңызды шара және оған қатысқан қонақтардың жасаған баяндамалары мен пайымды пікірлері барлық қатысушыларға ұлттық болмыстың қайта жаңғырып, даналықтың жаңа бір тың белесіне көтерілгендей ерекше әсер қалдырғаны анық.

 

 

Авторы: Гүлжамал Калдыбековна ҚАЛАБАЕВА,

Алматы экономикалық колледжінің әдіскері,
Бахыткүл Алимхановна ЖУЗБАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, Алматы қаласы

22.06.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz