Main /
Mass media about us
10.08.2020 Әуезов дәріс оқыған оқу орны Абай күнін атап өтті
Абай күнін мерекелеуді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы зор қуанышпен қабылдады, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Университет ұжымы ұлы хәкімнің туғанына 175 жыл толуын ЮНЕСКО деңгейінде мерекеленуінің өзі Абайға, қазақ халқына, ұлт руханиятына көрсетіліп отырған құрмет деп біледі.
Осы орайдағы сұрақтарымызға жауап бере келе Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Такир Балықбаев "Үкіметіміздің 10 тамызды Абай күні деп жариялау, "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" заңға бұл жөнінде тиісті толықтыру енгізу туралы Қаулы қабылдауы, енді қиырына көз түгілі сөз жетпес мұхиттай шалқыған айдын шалқар, түбіне әркім бойлай алмас терең ойдың иесі, ұлы ойшыл, гуманист-ақын, сыршыл композитор, ел қамын жеген қазақтың біртуар перзенті хәкім Абайдың ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілетін 175 жылдығы бүгінде бүкіл әлемді елеңдетуде", - деп атап өтті.
"Абай өлеңдері мен қара сөздері жер-жаһанның ондаған тілдеріне аударылып, таралуы адамзат баласының Абай ойларына деген қызығушылығын арттыра түсуде. Тұңғыш Президент - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: "Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болу жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен қайраткер. Абай - әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға", - деуі бекер емес. Абай ойлары Конфуций және басқа да әлемдік даналардың ой-тұжырымдарынан бір мысқал да кем емес. Кейде оның көбінен асып түсетіні де байқалады. Бірақ Абай мұраларының аудармалары дәл түпнұсқадағыдай шықпауы хакім ойларының көмескіленіп қалуына себеп болуда. Теңіз түбіндегі інжу-маржанды жарқыратып аршып ала алмаса оның қасиеті бола ма? Абай мұралары да дәл солай табиғи қалпын бұзбай аршып алуды қажет ететін асыл қазына. Айталық, кеңестік дәуірде Абай өлеңдері мен қара сөздері орысшаға сан мәрте аударылса да, соның бірде біреуі хакімнің терең ойларын толық ашып бере алмағандықтан, бұл дүниелер орыс тілінде халықтың игілігіне айнала алмады. Тәуелсіздік жылдарында орыс тілінде жазатын қазақ ақыны Бақыт Қайырбеков Абай мұраларын түпнұсқаға жақындатып аударып, Мәскеуден шығарып еді, мәскеулік жастар ду ете қалды. "Чистопрудный бульвары" алаңындағы Абай ескерткіші алдына жиналған олар Абай өлеңдерін кезек-кезек дауыстап оқып құрмет көрсетумен бірге: "Біздің заманның келбетін қазақтың Абайы бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтып кеткен екен, енді билік ойлануы керек", - деп билікке деген өкпелерін де айтып өткен. Міне, "жүректен шыққан сөздердің жүректерге жеткені" осы. Олай болса, Абай шығармалары қай тілге аударылса да оның мән-маңызы, көркемдігі жоғалмаса екен дейміз. Себебі, Абайдың тек қазаққа ғана емес, күллі адамзат баласына арнаған жүрек үні төрткүл дүниенің төрт шетін түгел оятып, әрбір ойлы адамның санасына қозғау салатыны сөзсіз.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің "Абай және XXI ғасырғағы Қазақстан" деген мақаласында: "Шынында да дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері - әлем халықтарының ортақ қазынасы. Бұл - классикалық үлгідегі өнегелі ойлар", - деген сөзі көп жайды аңғартады. Десек те данышпан Абай ең алдымен, өз халқының қамын жеген ұлт перзенті болды. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың" деп тебіренген Абай білімнен, мәдениеттен жырақ, мал соңында көшіп-қонып жүрген қазақты өркениетті елдер қатарына қосуды армандады. "Ғылым таппай мақтанба" деген өлеңінде жастарға дүниенің тұтқасы білім мен ғылымда екенін түсіндіріп, оларды оқу оқып, білім алуға шақырды. Ол "Толық адам" ілімі арқылы жас ұрпақты әрі білімді, әрі өнерлі, адамгершілігі жоғары, ақыл-парасаты биік, жан-жақты дамып-жетілген азамат етіп қалыптастыруды мақсат тұтты. "Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек" деп әрбір жастың санасын оятқан Абай: "Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек" деп бұл ойын тереңдете түсті. Жалпы, Абай туралы айтылар сөз өте көп. Тіпті оның бір ғана терең ойы туралы тұтастай монография жазып шығуға болады. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны - ұзақ жыл "ҚазПИ" аталып келген біздің университетіміз 1934 жылдан бері Абай атын жоғары ұстап келеді. Ұлы есімді иеленген қара шаңырақ өзі өмірге келген алғашқы күнннен бастап шәкірттерін ұлы Абай өсиеттеріне тәрбиелеп, толқын-толқын мамандар даярлап шығарды. 1928 жылы оқу орны ашылғанда алғашқы дәрісін Абайдың қазақ жастарын білім, ғылымға шақырған ұлағатты өсиетінен бастаған ғұлама-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы өзі ұсталып кеткенше дана ақынның мұраларын оқытумен болды. 1930 жылдан бастап осы оқу орнында ұстаздық еткен заңғар жазушы М.Әуезов те Абай туралы зерттеулерінен дәрістер оқи бастады. Сол жылдары профессор Қ.Жұбановтың бастамасымен оқу орнында Абай кабинеті ашылып, алғашқы зерттеулерін жүргізуді қолға алды. Абайтанушы ғалымдардың бір шоғыры осы қарашаңырақта білім алды.
Такир Балықбаев өз сөзінде Абайтанудың жаңа кезеңі университетте еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде басталғандығына тоқталып, "2008 жылы мұнда белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов басқаратын "Абайтану" ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, кейін ол "Хакім Абай" орталығына айналды. Бұл жерде көптеген зерттеулер жүргізіліп, бірнеше монографиялар, жүздеген мақалалар, студенттерге арналған "Абайтану" оқулықтары дүниеге келді. Осы орталықтың бастамасымен Жапонияда Абай өлеңдерін дыбыстап оқитын "сөйлейтін кітап" жарық көрді. "Абай өсиеті бойынша "Толық адамды" тәрбиелеп, тұлға қалыптастыруда біз осы үш принципті, яғни студент-жастарды жігерлілікке, ақыл-парасатқа, адамгершілік асыл қасиеттерге және мейірімділікке, қайырымдылыққа, ізгілікке тәрбиелеуге баса назар аударып отырмыз" деп атап өтті.
Бүгінде оқу орнында студенттердің Абайдың өмірі мен шығармашылығын білуге қызығушылығын арттыру үшін профессор-дизайнер Аманжол Найманбайдың безендіруімен "Абайтану" музей-кабинеті ашылған. Мұнда Алматы қаласы оқу орындары студенттерінің және мектеп оқушыларының тәлім алады. Сонымен қатар университетте Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен студенттердің Республикалық "Абай әлемі" фестивалі өткізіліп келеді. Әр оқу жылының басында жаңа қабылданған студенттерге "Абай айтады" акциясы аясында университеттің "Ұлағат" баспасынан шыққан Абайдың нақыл сөздерінен тұратын қалта кітапшасы таратылады. Абайдың 175 жылдығына байланысты университет абайтанушылары дайындаған бірнеше жаңалығы мол ғылыми-көпшілік, танымдық кітаптарды шығаруды жоспарланып отыр. "Хәкім Абай" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ж.Шойынбет, бас ғылыми қызметкерлері М.Мырзахметұлы, М.Бекбосыновтар Абайдың 175 жылдығына байланысты Өскемен, Семей, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Талдықорған т.б. қалалардағы жоғары оқу орындары мен орталық кітапханаларымен бірге онлайн-семинарлар өткізді. Сөзін академик-жазушы Мұхтар Әуезовтың: "...Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін елу жылдан, жүз жылдан қайырмақ. Алтайдан Алатауға аттап түсерлік ертегі тұлпарындай боп сайлардан, сахаралардан ғана аттап өтпей, замандардың да талайынан аспандап асып өте бермек",- деген аталы сөзімен аяқтаған Т.Балықбаев Абай күні мерекесімен құттықтай келе, әлемді жайлаған індетінен аман өтейік деген пікірін білдірді.
10.08.2020 ж. Ақпарат көзі: egemen.kz |