қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
10.09.2020

Ректордың бастамасымен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды

 


 

Еліміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің тұғыры болып саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 25 жыл, яғни, ширек ғасыр толып отыр. Бір қарағанда көп те, аз да уақыт емес тәрізді. Тәуелсіз Қазақстан өзінің Конституциясы арқылы осы санаулы жылдарда демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде өзін әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысында әлемге таныта білді.

 

Қоғамның сан-салалы өмірінде адам құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, қалпына келтіруді барынша қамтитын сала - заң, құқық, құқықтық қатынастар. Оның басында Ата заңымыз - Конституциямыз тұр. Егемен еліміздің құқықтық мемлекетке бағыт алғандығынан азаматтардың құқықтық сауатты болуы барған сайын пәрменді жағдайға айналуда.

 

Бүгінгі күні заң саласы тұтқасының толық іске қосылуы үшін әрбір азамат атсалысу керек, әрі өзі құқықтық жағынан қорғалатындығын сезініп, сауатты қимылдауы үшін белгілі дәрежеде ғылыми, кәсіби құқықтық білімділігі, біліктілігі, тәжірибе бойынша мағлұматы болуы шарт. Бұл ең алдымен заңгерлерге үлкен міндет жүктейді.

 

Қазақстан Республикасы өз дамуының тарихи кезеңінде құқықтық сауаттылықтың дәл бүгінгідей қажеттілігіне тап болған жоқ. Өйткені, пандемия кезінде туындаған құқықтық мәселелер бойынша әлеуметтік көмек алу, жұмыстан босату, өтемақы алу және тұрғын үй, пәтер жалдау, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша азаматтар арасында түсінбеушіліктер туындады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Конституциясының 25-жылдығына орай, азаматтарды құқықтық жағынан қолдау, құқықтық көмек көрсету мақсатымен 27 тамызда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қаласы, Медеу аудандық «Nur Otan» филиалына қарасты «Абай» бастауыш партия ұйымының төрағасы Такир Оспанұлы Балықбаевтың бастамасымен «Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес беру» тақырыбында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.

 

Қашанда қайырымдылық - халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі болып саналған. Қайырымдылықтың әлеуметтік көмек беру нышандары, дәстүрі қазақ қоғамында да болған. Табиғи апаттардың, әрқилы шапқыншылықтардың салдарынан асыраушысынан айырылған жетім-жесірлерді, мал-мүлкінен, табысынан айырылған кедей-кепшіктерді аталас ағайындары, ауылдастары, көрші-қолаңдары қамқорлыққа алған. Қоғам дамуына байланысты әлеуметтік қамсыздандыру біртіндеп мемлекеттік жүйеге толық ауысты.

 

Қазақстан Республикасында Президент пен Үкімет тарапынан әлеуметтік қамсыздандырудың үнемі қосымша шаралары жасалып, қоғамдық негізде қайырымдылық көрсетіледі. Қайырымдылықтың басты ерекшелігі - көмектің түрін, уақыты мен орнын, сондай-ақ мазмұнын (мақсатты) ерікті түрде таңдау. Сондықтан, Такир Оспанұлы Балықбаевтың бастамасымен аталған іс-шараны ұйымдастырушы - «Құқықтану» кафедрасы. Оның мақсаты - «Адамның шын мағынасындағы білімді болу үшін үш қасиет қажет - кең көлемді білім, ойлай білу және қайырымдылық сезім» деп Н.Чернышевский айтқандай, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету, азаматтардың санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыру, сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

 

Қайырымдылық акциясы кезінде кафедра меңгерушісі заң ғылымдарының докторы, профессор Бурибаев Ермек Абилтайұлының басшылығымен қазақстандық еңбекті қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, бала мен ананы қорғау бойынша заң жобаларына ұсыныс беріп, дамуына үлес қосып жүрген заң ғылымдарының докторы, профессор Хамзина Жанна Амангелдіқызы, тәуелсіз еліміздің еңбек құқығының іргетасын қалаушы, университет заңгері Рысқалиев Даулет Оразғалиұлы, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Бижанова Айгүл Рабханқызы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Көшпенбетов Бақытқали Мұқтарұлы, университет доценті, адвокат заңгер Меирбекова Гульжазира Болатқызы, құқық магистрі Белхожаева Динара Жомартқызы, құқық магистрі Молдахметова Жанар Еспайқызының қатысуымен 80-нен аса әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға жан-жақты, тиянақты, негізді құқықтық кеңестер берілді. Құқықтық көмек алған азаматтардың аты-жөні тіркеліп, кафедра бойынша есеп берілді. Оның ішінде, олардың жартысынан астам азаматтар алдын-ала жазылу арқылы кеңес алса, қалғаны Қарағанды, Павлодар, Атырау, Шымкент қалаларының тұрғындары тікелей телефон арқылы хабарласып, әлеуметтік көмек, мүгедектігі бойынша тағайындалатын жәрдемақы туралы, тұрғын үй мәселесі бойынша жаңа бағдарламалар жөнінде құқықтық кеңестер алды.

 

«Қайыр қылсаң - бүтін қыл» демекші, болашақта «Құқықтану» кафедрасының білікті мамандары Қазақстан Республикасының Конституциясының 25 жылдығына орай жасаған тегін құқықтық көмек беру шараларын жоспарлы түрде, жаңа жетістіктермен, нық сеніммен ары қарай жалғастыратын болады.


 

Авторы: Гүлжазира Мейірбекова, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

10.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com