қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
29.09.2020

Оқытушы білікті болмай, оқушы білімді болмайды

 



Жыл сайын қазан айының алғашқы аптасында атап өтілетін Мұғалімдер күні - ерекше мерекенің бірі. Өйткені мұғалімдер отбасынан шығып, өзім де өмір бойы ұстаздық етіп, білім мен ғылым саласында қызмет істеп келе жатқандықтан, бұл кәсіп пен оның иелері маған тым ыстық көрінеді. Мұғалім еңбегінің қаншалықты жауапты, жанкешті екенін ерте түсіндім. Өйткені ол - білім сапасына, балалардың болашағына жауап беретін тұлға. Ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің «Мұғалім - мектептің жүрегі» деуі бекер емес.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ 92 жылдан бері қазақ елін педагог кадрлармен қамтамасыз етіп келе жатқан бас оқу ордасы болғандықтан, сапалы мұғалім даярлаудың бүкіл салмағы біздің мойнымызда тұрғаны сөзсіз. Өйткені университетіміз қазіргі таңда Қазақстандағы педа­гогикалық жоғары оқу орын­дары­ның білім беру, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік базасы. Сон­дықтан бүкіл әлеуетіміз тек қана сапалы педагог кадрларын әзірлеуге жұмылдырылуы тиіс. Осыдан 6 жыл бұрын ҚазҰПУ мен Мәскеу мем­лекеттік педагогикалық уни­вер­ситеті ректорларының баста­ма­сымен Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің 44 педагогикалық жоғары оқу орындарының басын қосып, Еуразиялық педагогикалық қауымдастық құрылды. Бұл қауым­дастықтың негізгі міндеті - ХХІ ғасырдың білікті педагог кадрларын даярлау мәселесін бірігіп ойластыру, бірге шешу, маман даярлаудың инновациялық технологияларын енгізу, озат тәжірибелерін ортаға салып, оны жүзеге асыру және мұғалім даярлауға байланысты ғы­лыми жобаларды, әдістемелерді бірге атқару.

 

Біз сапалы педагог даярлау үшін мына үш қағиданы басшылыққа аламыз. Біріншіден, мұғалімдердің біліктілігін үзбей жетілдіріп отыру, екіншіден, студенттердің прак­ти­калық білімін көтеру, үшіншіден, жаңартылған білім мазмұны бойын­ша кадр даярлау. Ең алдымен, оқы­тушы білікті болмай, оқушы білімді болмайды. Сондықтан біз үздіксіз педагогикалық практиканың (дуаль­ды оқытудың) жаңа әдісін іске асыра бастадық. Мысалы, өткен оқу жы­лында 4-курс студенттері жыл бойын­­­да аптасына төрт күн мектепте тәжірибеден өтсе, екі күн уни­вер­ситетте теориялық білім алды. Биыл олар екі апта университетте оқиды да, басқа уақытында онлайн жүйесі бойынша білім алып, мектепте тәжірибеден өтеді. 3- курс­тықтар да жыл бойы аптасына үш күн мектепте практикалық жұмыста болып, қал­ған үш күнде сабақ оқиды. Осы оқу жылынан бастап 2-курс студенттері аптасына бес күн оқып, бір күн педагогикалық практикада болады. Біздіңше, прак­тиканың көлемін көбейтіп, оқу мен өндірісті тығыз ұштастыру, болашақ маман­дарды дуальды оқытуды жүзеге асыру ар­қы­лы нағыз мұғалім кадр­ларын даяр­лауға қол жеткізуге бола­ды. Университетіміздегі «Ман­сап» орта­лығына биылдың өзінде 4 мыңға жуық болашақ мұғалімге тапсырыс түссе, мұның өзі біздің маман­дарымыздың сапасы арта түскенін көрсетеді.

 

Білім берудің сапасына қол жеткізуде оқу-әдістемелік жұмыс­тарды жаңаша ұйымдастырудың маңызы зор. Абай атындағы ҚазҰПУ-да жаңа білім бағдар­ламалары мамандықтардың Ұлттық шеңберіне сәйкес жасалды. Қазақ­станның «Білім туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, ака­демиялық еркіндік форматында 289 жаңа білім беру бағдарламасы, оның ішінде қосымша траек­ториямен - 82, Double Major және Major-Minor бойынша 27 білім бағдарламасы даярланды.

 

Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың бірден-бір жолы - оқу үдерісіне халықаралық практикада қолданылып жүрген инновациялық технологияны, тәжірибені енгізу. Бізде STEM-білім беру, тіл мен пәнді GLIL бойынша шоғырландырып оқыту технологиясы, SMART-мақсат қою әдістемесі, колла­бора­тивті ортада диалогты оқыту сияқты оқытудың жаңа әдістемесі мен технологиялары енгізіліп отыр. Білім алуға бағытталған иннова­циялық қатынастарды енгізе отырып, сту­денттеріміз кәсіптік тәжірибелік құзыреттілікке ие болады.

Мәскеу мемлекеттік педаго­ги­калық университетімен серіктесе отырып оқу орнымызда педагоги­калық STEM-парк ашуға қол жет­кізілді. Соның арқасында оқу үдері­сіне информатика, электро­техника, радиоэлектроника және робо­тотехника бойынша білім бағдар­ламасы енгізілді.

 

Университет түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие болуы, олардың кәсіптік құзыреттілігінің жұмыс берушіні қанағаттандыруы оқу орны қызметінің сапасын ай­қындайтын фактор. Абай уни­вер­ситетінің жұмыс берушілері - Алма­ты қаласы мен облысының ғана емес, республикамыздың барлық аймағының білім мекемелері. Уни­верситеттің «Мансап» орталығы был­тыр қарашада «Жұмыс беруші - 2019» форумын өткізсе, биыл 5 нау­рызда «Өзгермелі әлемдегі жас пе­дагог бейнесі» тақырыбында Ал­ма­ты қалалық білім басқар­масының бас­­­тығы Л.Жылқы­баевамен кездесу ұйым­дастырды. Университет бітіру­шілерін жұмысқа орналастыру мақ­сатымен «Бос орын» жәрмеңкесі он­лайн форматта ұйымдастырылып, оған Алматы облысының, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар қалаларының Білім департаменттері мен мектеп директорлары, «Балдәурен» респуб­ликалық сауықтыру орталығының, «БілімЛэнд» білім беру порталының басшылары қатысып, бос орын­дарын ұсынды. Жәрмеңке қоры­тындысы бойынша бүгінде бастауыш сынып, мектепке дейінгі білім мекемелері мұғалімдеріне сұраныс жоғары екені белгілі болды.

 

«Мансап» мобильді қосымшасы түлектерге тұрғылықты жері бойын­ша жұмыс табуға, ал жұмыс берушіге көп уақытын жоғалтпай тез арада қажетті маманды таңдап алуға кө­мек­теседі. Қазір «Мансап» қосым­шасында 4 063 адам тіркелсе, оның 1 012-сі маман іздеген жұмыс берушілер де, қалған 3 051-і болашақ мамандар. Өткен жылы түлектердің 97 пайызы жұмысқа тұрса, биыл 108 студент-бітіруші өздері практикадан өткен мектептерде жұмыста қалды.

 

Жалпы, бүгінгі мұғалім - жас ұрпақты әлемдік өркениетке жете­лейтін ұлы тұлға, қоғамымыздың алтын қоры. Сондықтан сапалы педагогтер даярлау - педагогикалық жоғары оқу орындарының абыройлы борышы.

 

 

 

Авторы: Такир Балықбаев,
Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, профессор

29.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz