қазақша · русский · english
   
  Main  News
25.04.2016

«АБАЙ СЫЙЫ» ПӘНДІК ОЛИМПИАДАСЫ

Елімізде білім қуған дарынды жастардың қабілеті мен дарынын шыңдау мақсатында көптеген мемлекеттік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұндай іс-шаралар болашақ жастардың ғылыми ізденушілігін арттырып, өз бетінше көптеген ғылыми жаңалықтар ашуына да септігін тигізіп отырады. Сонымен қатар Елбасының жыл сайынғы жолдаулары да жастарға деген қамқорлыққа толы. Білімді терең меңгерген, ғылымға деген қызығушылығы мол жастардың еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік оқу орындарында білім алуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер ұлт болашағына деген жанашырлық.
Еліміздің түпкір-түпкірінен білім қуған жастардың басын біріктіріп, білімін сынау мақсатында жуырда қазақ білімінің қарашаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Абай сыйы» атты республикалық пәндік олимпиада болып өтті. Бұл олимпиадаға еліміздің көптеген аймақтарынан өз білім деңгейлерін көрсету мақсатында жиналған жастарды университетіміздің бірінші проректоры, химия ғылымдарының докторы, профессор Мүбәрак Ермағанбетов жылы шыраймен қарс алып, білім қуған жастардың қадамына сәттілік тіледі. Сондай-ақ профессор М.Ермағанбетов университетіміздің жетістіктері туралы айта келіп, пәндік олимпиаданың негізгі мақсаты - дарынды оқушыларды анықтап қана қоймай, оларға қолдау көрсету, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ету және білімді насихаттауекенін айтты және «Абай сыйы» пәндік олимпиадасының шарттарына тоқталды. Олимпиада жеңімпазы келешекте біздің оқу орнымызға түсер болса университет тарапынан 30-50 пайыздық жеңілдіктерге қол жеткізе алады, деді ол.
Білім додасын саралау, бағалау үшін әділқазылар алқасы жасақталды.
Сол күні олимпиадада елеміздің әр қиырынан келген 11 сынып оқушылары тоғыз пән бойынша өз білімдерін сынады.
Олимпиада аясында математика, физика, информатика, география, химия, Қазақстан тарихы, әлем тарихы пәндері бойынша жеке-жеке конкурс өткізілді. Олимпиада жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша теориялық практикалық есептерді шешу; ал қоғамдық-гумманитарлық бағыт бойынша эссе жазу, теориялық сұрақтарға жауап беру сипатында өтті. Екі күнге созылған білім жарысының қорытындысы да шығарылды. Бірінші орынға: география пәні бойынша Атырау облысы, Исатай ауданы Жұмабай Мырзағалиев атындағы мектеп-интернат оқушысы Мақсотова Нұрлы, биология пәні бойынша Алматы қаласы №19 жалпы білім беретін орта мектебінің оқушысы Айтжанова Мадина, химия пәні бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарағаш қаласындағы №4 мамандандырылған орта мектеп оқушысы Жұмағазиева Әсел, математика пәні бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы №2 жалпы орта мектебінің оқушысы Тоқтағанова Маржан, физика пәні бойынша осы мектептің оқушысы Әділбаева Зульфия, Информатика пәні бойынша Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Көкбүтек ауылының оқушысы Қапсаметова Еркежан, Қазақстан тарихы пәні бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Аманқұл Сандуғаш, әлем тарихы пәні бойынша Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің оқушысы Сейсенбек Бауыржан ие болып, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші дәрежелі Дипломдарымен марапатталды. Сонымен қатар олимпиадаға қатысқан оқушылар арасынан он оқушы ІІ дәрежелі Дипломмен, ал, он бір оқушы ІІІ-дәрежелі Дипломмен марапатталды.

Шоқан ҚҰТТЫБАЕВ,
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз орталығының маманы.