қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
24.11.2020

Ұстаздар ұстаханасында 1 645 студент жеңілдіктермен қамтылған

 


 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басты мақсаттарының бірі - білім алушылардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктеріне байланысты біліммен қамтамасыз ету, мұқтаж студенттерге әлеуметтік көмек көрсету және белсенді студеттерді қолдау. Бұл бағытта ұстаздар ұстаханасында оқу ақысын төлеуге 100 пайызға дейін жеңілдіктер қарастырылған. Университет ректоры Такир Балықбаев өзінің Facebook парақшасында осылай жазды.

 

Ректордың жазуынша, «Алтын белгі» иегерлеріне және үздік түлектерге 50-100 пайыздық жеңілдік берілді. Бұл басшылық саясатындағы қабілетті білім алушыларды, әсіресе әлеуметтік көмекке мұқтаж студенттерді қолдауға бағытталған маңызды және игі іс.

 

«Жеңілдіктер беру туралы Ережелер негізінде 2019/2020 оқу жылында 879 бірінші курс студенттеріне әртүрлі санаттар бойынша жеңілдік берілді. Сондай-ақ, әлеуметтік көмекке мұқтаж, аз қамтылған отбасылардан шыққан, үздік және қоғамдық өмірдегі ең белсенді 766 студент оқуға жеңілдіктер алды. Жалпы 1 645 адам жеңілдіктермен қамтылды. Жеңілдіктердің жалпы сомасы 271 391 695 теңгені құрады.

 

Жеңілдіктер тек бір жылға берілетінін атап өткім келеді. Жеңілдікті ұзарту үшін студенттер өтініш беріп, әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Сондай-ақ, карантин жағдайын ескере отырып, 2019/2020 оқу жылында төлем мерзімі ұзартылып, студенттер емтиханға кедергісіз жіберілгендігін атап өткім келеді.

 

Әлеуметтік жағдайы туралы растайтын құжат негізінде студенттерге оқу ақысын бөліп төлеу, бекітілген кестеге сәйкес және әрбір өтініш бойынша жеке төлем жасау туралы шешім қабылданды. Өтініштерді арнайы құрылған комиссия қарайды. Жеңілдіктер туралы ережемен сайтта танысуға болады. Біз педагог мамандығын таңдаған жастарымыздың білім алуы үшін алдағы уақытта да жағдай жасауға дайынбыз. Бұл біздің Қазақстанның болашағына қосқан үлесіміз!» деп жазды ректор.

 

 

24.11.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com