Main
News
04.02.2021 «Өшпес ғұмыр, өміршең жыр» әдеби шығармашылық кеші
2021 жылдың 3 ақпанында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология және көптілді білім беру институты академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Гүлназ Нүптекееваның жетекшілігімен 207-топ студенттері «Өшпес ғұмыр, өміршең жыр» әдеби шығармашылық кеш ұйымдастырды. Кашықтан оқуға байланысты онлайн форматта өткен шара Әбділдә Тәжібаев «...біздің заманымыздағы ғажайып ақындардың бірі» деп атаған Мұқағали Мақатаевқа арналды. Кеш студенттердің ақын өмірбаяны жайында тың ақпараттарды ұсынуымен бастауын алды. Іс-шара өз жалғасын қаламгер Роллан Сейсенбаев «ең құдіретті поэзия» деп бағаласа, Мұқағали ақын поэзияны егізіндей санаған жыр шумақтарынан тапты.
Биылғы жаңа 2021 жыл індеттің жалғасы ретінде басталғанымен, рухани құндылықтардың дамушы жылы. Осынау аталмыш жыл қазақтың маңдайына біткен біртуар азаматтардың мерейтойы. Атап айтсам, Махамбеттей ердің жолдасы Исатай Тайманұлының 230 жылдығы, дала қоңырауы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының 155 жылдығы, қазақ тарихындағы тұңғыш балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Алаш зиялысы Жақып Ақбаевтың 145 жылдығы, ұлттық театрдың негізін қалаушы Серке Қожамқұловтың 125 жылдығы, әйгілі композитор Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы, ақын Мәриам Хәкімжанованың 115 жылдығы, жазушы Хамит Ерғалидің 105 жылдығы және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы.
Мұқағали Мақатаевтың әнмен өрнектелген өлеңдерін топтастырғанда бір кітапқа жүк болары анық. Ақын жырларына жазылған әндерді еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейінгі аралықта шырқамаған қазақ кемде-кем шығар. Айтулы шара барысында көрермендер студенттердің жанды дауыста орындалған әуезді әндері арқылы да құлақтың құрышын қандырды.
Ақын шығармашылығына арналып шағын ойын өткізілген соң, сөз кезегі кеш қонақтарына берілді. Институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Қасенов мен кафедрамыздың ардақты ұстаздары өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдіріп, ақынның жыр шумақтарымен бөлісті.
Әдеби-танымдық кештің соңы Шәріпбаева Аружанның «Ақынмен сырласу» арнауымен аяқталды.
Бүгінде қазақ елі ақын ұлының өмірден кеткен есесін толтырып, асқар тау кең даласында ұлан-асыр той жасап, ақын рухына тағзым етуді өзінің перзенттік борышы деп біледі. Бір күндік сәуледей ағып өткен қазақ жырының шоқ жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың қазақ поэзиясындағы құдіреті өз отын өшірмек емес.
|