қазақша · русский · english
   
  Main  News
11.02.2021

Түркісойдың тартуы

 


 

2020 жылы халқымыздың данышпан ойшылы, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде, оның ішінде түркі дүниесінде кеңінен атап өтілгені белгілі. Осыған орай Түркиядағы TURKSOY ұйымының атқарған жұмысы да ерен. Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде TURKSOY-дың бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы Қасейіновтың қатысуымен өткен үлкен іс-шара осы сөзіміздің бір дәлелі.

 

Жиынды ашқан университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев хакім Абайдың 175 жылдығы қазақ руханиятын әлемдік деңгейге көтерген айтулы мерейтой болғанын айта келіп, Абай есімін 85 жылдан бері биік көтеріп кел жатқан оқу орнының аталған мерейтойға байланысты атқарған жұмыстарына тоқталды.

 

Халықаралық TURKSOY ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов аталған ұйымның қазақ ойшылының мерейтойына байланысты жүзеге асырған іс-шаралары туралы сөз етті.

 

- Қазақстанның ең алғашқы оқу орны, ұлттың ұлы ақыны Абайдың аты берілген, қазақ ағартушылығының қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде Сіздермен кездескеніме аса қуаныштымын, - деді Д. Қасейінов. - Өздеріңізге белгілі, 2020 жылы түркі әлемінде үш үлкен мерейтой қатар келіп, оны бүкіл әлем халықтары бірігіп атап өтті. Қазақстан Республикасының ұсынысымен Түркі әлемінің Ұлы ғалымы Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы, Түркия Республикасының ұсынысымен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» дастанының 950 жылдығы Халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 2020 жылы атап өтілетін халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізілді.

 

2019 жылы Қырғызстанның Ош қаласында өткен TURKSOY-ға мүше мемлекеттердің мәдениет саласы министрлерінің 37-ші Тұрақты кеңесінде, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Халықаралық TURKSOY ұйымы аясында 2020 жылды «Түркі әлемінде Абай Құнанбайұлы жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдаған еді. Атаулы жыл аясында Халықаралық TURKSOY ұйымы Абай ақынның мерейтойына арналып әлемдік аренада, түркі елдерінде өткізілген ірі жобалардың негізгі ұйымдастырушысы болды.

 

Біздің ұйымның өткен жылғы ең алғашқы шаралары да Абай атамызды ұлықтаудан басталды. Бақытымызға қарай, әлемдік пандемия басталмай тұрып, жылдың басында «Абай жылының» ашылу шараларын Түркияда және Еуропа елдерінде өткізіп үлгердік. Ең қызығы, Еуропа сахналарындағы Абай әндеріне арналған концерттеріміз Бетховеннің 200 жылдық мерейтойымен сәйкес келіп, еуропалық көрермен шығыс ойшылы мен батыс композиторының шығармашылығын салыстыра тыңдауға тамаша мүмкіндік алды. Бұдан кейін де қазақтың бас ақыны туралы ондаған онлайн отырыстар мен керемет конференциялардың талайын ұйымдастыруға ұйытқы болдық.

 

Ал, Ұлы Даладан шығып әлемдік өркениетке үлес қосқан ең белгілі тұлғалардың бірі, атақты философ, ұлы ғалым, өркениет деңгейіндегі ойшыл Әбунасыр әл-Фараби бабамыздың мерейтойы құрметіне Анкара университетінде әл-Фараби атында үлкен конференц-залды ашып, соған орай ғалым еңбектерінің көрмесі мен халықаралық конференциясын ұйымдастырдық. Сондай-ақ, Стамбұл университетінің Әл-Фараби атындағы ғылыми орталығының ғалымдары әзірлеген Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабын» баспаға дайындадық.

 

Түркітілдес халықтардың мәдениет саласындағы тұңғыш халықаралық ұйымы TURKSOY-дың басты мақсаты - түркі тектен туып, адамзат ақыл-ойының дамуына атсалысқан,түбі бір туыс елдердің бәріне ортақ осындай ұлы тұлғаларды ұлықтау. Өйткені, тарихта қиян шеті Қиыр Шығыстан басталып, Батыс Европаға дейінгі ұланғайыр аймақта сансыз мемлекеттер мен империялардың құрушысы болған халықтың бүгінгі ұрпағы аталарының адамзат өркениеті мен мәдениетіне, ғылымы мен әдебиетіне де өлшеусіз үлес қосқанын білуі тиіс.

Бүгінгі кездесу Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қорытындысы ретінде өткізіліп отыр. Бұл шараны өткізу үшін Қазақстандағы ақын шығармашылығына арналған іс-шаралардың негізгі ұйымдастырушы болғандықтан Абай университетін арнайы таңдап алдық. Қазір Сіздердің алдарыңызда Халықаралық TURKSOY ұйымы жариялаған «Абай» альбомының тұсаукесері рәсімін өткіземіз.

 

Бұл - біздің ірі сериялы жобамыз. Жобаның мақсаты - әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану, жазушының әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы таныту, сондай-ақ, тарихи туындылар мен заманауи еңбектерді бір альбомға біріктіру. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің Абай шығармаларын оқи отырып дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілді. «Абай» жинағы -қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындаған Халықаралық TURKSOY ұйымының арнайы сыйы.

 

Сондай-ақ, осы атаулы жылдың қорытындысына арнап біздің ұйым «Халықаралық Абай медалін» және Құрмет грамотасын шығарды. Бұл медаль мен грамота ұлт мәдениетінің дамуына еңбек сіңірген тұлғаларға беріледі. Биыл Абай жылына арнап академиялық басылым, тың зерттеулер, кітаптар мен мақалалар дайындаған ғалымдар мен осы ғылыми шығармашылық жұмыстарды ұйымдастырған басшылардың еңбегін ескеруге тырыстық.

 

Бізге осындай шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасаған Абай атындағы Қазақ Ұлттық педогогикалық университетінің ұжымына, университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев мырзаға шексіз алғысымды айтамын. - Осылай деген Д.Қасейінов «Абай» альбомын көпшілікке таныстырып, оның лентасын қиғызды. Сондай-ақ ол Абай шығармаларын насихаттауға үлес қосқан азаматтарды «Абай» медалімен және арнаулы грамоталармен марапаттады.

 

Жиында сөз алған Қазақстан Жазушылдар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың мәдениетін, әдебиетін, музыкасын түркі әлеміне танытуға зор үлес қосып жүрген Д.Қасейінов басқаратын TURKSOY ұйымына алғыс айтты. Ж.Дәдебаев, М.Мырзахметұлы, С.Қасқабасов және басқа да ғалымдар Абай еңбектерін түркі дүниесіне кеңінен танытып отырған TURKSOY ұйымы мен оның бас хатшысы Д.Қасейіновтің еңбегін ерекше атап өтті.

 

Жиынға қатысушылар іс-шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан Н.Келімбетов атындағы Түркітану орталығының директоры Асқаржан Тұрғымбаев пен Тәрбие департаментінің басшылығына алғыс айтты.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің бастығы

11.02.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz